Бүгін Целиноград ауданында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл – елдің рухани және мәдени мұрасын сақтап, оны дамытуға үлес қосып жүрген жандардың кәсіби мерекесі.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, мәдениет қызметкерлерінің идеологияны қалыптастыру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті:
– Целиноград ауданы мәдениет және өнер саласындағы жетістіктерімен мақтана алады. Аудандағы 11 көркемөнерпаздар ұжымы «Халықтық» және «Үлгілі» атағын лайықты түрде иеленіп отыр. Сіздердің талантарыңыздың, кәсібиліктеріңіздің және сарқылмас жігерлеріңіздің арқасында ауданымыз «Ақмола жұлдыздары» облыстық байқауында алты мәрте Бас жүлде иегері атанды, – деді аудан әкімі.
Ауданда Мемлекет басшысының мәдениет пен руханиятты қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында айтылған міндеттер аясында ауданда театр өнері дамып келеді. Жуырда ғана халық театры «Әлия» спектаклінің тұсаукесерін өткізді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған бұл қойылым ауданның мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Барлық рөлдерді кәсіби емес әртістер – аудан тұрғындары орындап шықты. Бұл – аудан халқының жоғары азаматтық және мәдени белсенділігінің айқын дәлелі.
Салтанатты іс-шарада қатысушыларды аудандық AMANAT партиясы филиалының атқарушы хатшысы Азамат Канапиянов пен «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Ақмола облыстық филиалының төрағасы Марат Койшин да құттықтады.
Мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен адал еңбегі үшін бірқатар сала мамандары марапатталды. Олардың қатарында «Ауыл еңбегі үшін» төсбелгісімен, Ақмола облысы Мәдениет басқармасының, аудан әкімінің, AMANAT партиясының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ Қазақстандық салалық кәсіподақ тарапынан медальдар мен жолдамалармен марапатталған 70-ке жуық адам бар.
Бүгінгі таңда Целиноград ауданында 24 мәдениет нысаны, 14 кітапхана, тілдерді оқыту орталығы, балаларға арналған коворкинг, 230-дан астам үйірме мен қызығушылық клубтары табысты жұмыс істеуде. Тек өткен жылы аудан аумағында аудандықтан бастап халықаралық деңгейге дейін 6 мыңнан астам мәдени-көпшілік іс-шара өткізілді. Мәдениет қызметкерлері Көшпенділердің V Дүниежүзілік ойындарына белсене қатысып, 30-дан астам республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты атанды.
Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да айрықша назар аударылуда. Бюджет және бюджеттен тыс көздер есебінен музыкалық аспаптар мен арнайы жабдықтар жаңартылып, ғимараттар күрделі жөндеуден өткізілуде. Аудандық кітапханалардың кітап қоры сапалы және заманауи әдебиеттермен жыл сайын толықтырылып келеді.
Салтанатты кеш ауданның үздік шығармашылық ұжымдары мен орындаушылары дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды. Өнерпаздардың шынайы сезім мен сүйіспеншілікке толы өнері – туған мәдениетке деген махаббаттың айғағы, ұрпақтар мен жүректерді біріктіретін өнердің қуатының жарқын көрінісіне айналды.