Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауды өткізді

Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауды өткізді

Белгіленген кестеге сәйкес, Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы азаматтар жеке қабылдауын өткізді. Қабылдау барысында Қараөткел, Қоянды, Оразақ және Ақмол ауылдарының тұрғындарынан келіп түскен түрлі мәселелер қаралды.

Қараөткел ауылының тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз ету, газ желілерінің құрылысы, жол жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату, көшелерді жарықтандыру секілді өзекті мәселелерді көтерді. Кездесу барысында аудан әкімі көтерілген әрбір мәселеге жеке тоқталып, түсініктеме берді, тұрғындардың ұсыныс-ескертпелерін мұқият тыңдады. Өтініштердің бір бөлігі кейіннен бейіндік құрылымдармен пысықтау үшін бақылауға алынды, ал кейбіреулері сол жерде шешілді.

Кейін Қоянды ауылының тұрғыны заңсыз салынған құрылысты заңдастыру мәселесімен жүгінді. Аудан әкімі бұл бағытта тұрғынға көмектесу үшін сәулет және қала құрылысы бөліміне заң аясында кеңес беру жөнінде тапсырма берді.

Оразақ ауылынан келген тұрғын өрт салдарынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету жөнінде өтініш білдірді. Аудан әкімі заңнама шеңберінде материалдық көмек көрсету және демеушілерді тарту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Қабылдаудың соңында Ақмол ауылының тұрғыны Черемушки шағын ауданында балалар алаңын орнату жобасының жүзеге асу мерзімдері туралы сұрады.

Барлық жүгінген азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме мен кеңестер берілді. Бірқатар мәселелер аудан әкімдігі мен салалық бөлімшелердің бақылауына алынды.

Естеріңізге саламыз, аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы алдын ала жазылу арқылы өткізіледі. Қабылдауға жазылу үшін мына телефонға хабарласуға болады: 8 (71651) 30-509.