Жүргізуші куәлігін қалай алуға болады?
2024 жылы Ақмола облысында 9708 жүргізуші куәлігі берілді, оның 2700 бастапқы куәліктер. Бұл деректерді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Ақмола филиалы жариялады. Жүргізуші куәлігін алу-көлік құралын өз бетінше басқару жолындағы маңызды қадам. Бүгінгі материалда біз сізге қызмет қанша тұратынын, қандай құжаттарды дайындау керектігін және рәсімдеуге қанша уақыт кететінін айтамыз.
Арнайы ХҚКО-да емтихандар келесі ретпен тапсырылады: алдымен теориялық, содан кейін практикалық.Үміткер тапсыру орнын, күнін және уақытын өз бетінше таңдайды. Егер көрсетілетін қызметті алушы бірнеше санаттағы құқықтарды алуға үміткер болса, онда теориялық емтихан бір рет тапсырылады, алайда практикалық емтихан әр санат бойынша бөлек өтеді.
"Жүргізушілерге үміткер алдымен арнайы ХҚКО-ға жүгініп, өтінім нөмірін алуы қажет. Қалғанының бәрі онлайн режимінде жасалады. "ХҚКО" қосымшасына кіріп, қажетті деректерді енгізу,"теория бойынша емтиханға жазылу" немесе "практика бойынша емтиханға жазылу" қойындысын таңдау қажет",– деді "Азаматтарға арналған үкімет" МК " КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Сұлтан Мәліков.
Жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін немесе санаттарды толықтыру кезінде мынадай құжаттарды ұсыну қажет: жеке куәлік, мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек (1,25 АЕК – 4915 тг.), медициналық анықтама және автомектепті бітіргені туралы куәлік. Естеріңізге сала кетейік, автомектепті бітіргені туралы куәлік автоматтандырылған ақпараттық жүйеде тіркелуі тиіс. Тіркеуді онлайн-ресурс арқылы тексеруге болады https://avtomektep.kz.
Айта кетейік, теориялық және практикалық емтихандарды сәтті тапсырғаннан кейін жүргізуші куәлігі екі сағат ішінде ресімделеді.