Жауапкершілік пен бақылау бар болса, нәтиже де болады

Жауапкершілік пен бақылау бар болса, нәтиже де болады

Өткен аптада облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Сандықтау ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және биылғы жылы қолға алынып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Өңір басшысы Ермек Маржықпаев ауданға жұмыс сапарын Балкашино селосында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан екі 36 және бір 45 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болудан бастады. 2020 жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстарының мердігері – «Қазбайлық-Астана» серіктестігі. Аудан әкімінің айтуынша, 36 пәтерлік екі үйдің сметалық құны 637 миллион теңгені құраса, 45 пәтерлік үйге 351,5 миллион теңге қажет.

– Құрылыс басталғалы облыстық бюджеттен 56,7 миллион теңге және республикалық бюджеттен 377 миллион теңге қаржы бөлініп, ол іргетасын қалауға дайындық жұмыстарын жүргізуге жұмсалды. Қазір іргетас блоктарын монтаждаудамыз. Материалдарды Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарынан тасымалдап, алып жатырмыз. Жеткізілуіне уақыт көп кетеді, себебі облыс зауыттары қажетті өнімді шығарып үлгермейді, – деді мердігер Бауыржан Мәлгаждаров. Бұл орайда, аймақ басшысы аудан әкімінен Балкашино кірпіш зауытының қашан іске қосылатын сұрап білді. Ауданда материал шығаратын мекемелер болса, құрылыс қарқынының үздіксіз жүруіне септігін тигізетінін айтты. Аудан басшысының айтуынша, кірпіш зауыты жуық арада ашылып, тәулігіне 20 мың дана кірпіш шығармақшы екен.

Бұдан кейін облыс әкімі болған балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының іргетасы 1975 жылы қаланған. 40 оқушыға ғана шақталған ғимаратта бүгінде 127 жасөспірім қосымша білім алуда. Орталық директоры Лариса Еремина жаңа ғимараттың құрылысына қаржы бөлу қажеттігін жеткізді және оған оң жауабын алды. Облыс әкімі балалар музыка мектебі мен аталмыш орталыққа бір үлкен жаңа ғимарат салуға қазынадан 124 миллион теңге қаржы бөлгізетіндігіне уәде берді. Бұл орайда, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Николай Деобальд стадион салу жоспары жайлы айтты. Облыс әкімі бұған:

–400 миллион теңгеге қандай стадион салынады?! Бюджетте ақша бар деп, кез-келген жобаға қыруар қаржыны мақсатсыз бере алмаймыз. Егер әрбір аудан осылай бір стадионға көлемді қаржы сұраса, облыста не бюджет қалады? Жастарға стадион керек екендігін жақсы түсінеміз, бірақ, жобаға түзетулер енгізіп, сомасын қысқартсаңыздар ғана ақша бөлеміз, –дегеннен кейін бөлім жобаға 220 миллион теңгеге дейін түзету енгізетіндіктерін жеткізді.

Балкашино селосының орталық алаңының абаттандырудан кейінгі жағдайымен жан-жақты танысқан аймақ басшысы бұдан әрі Петровка-Мариновка селоларының автожолдарында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын барып қарады. Облыстық және републикалық маңызы бар бұл жолдарға Үкіметтен 1 447 миллион теңге қаржы бөлінген екен.

Ауданның Новоромановка селосында су құбырлары желілерінің құрылысы қолға алыныпты. Жергілікті бюджеттен жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 2,9 миллион теңге қарастырылып, «Байсын А» мердігер серіктестікпен 147,9 миллион теңгеге келісім-шарт жасалыпты. Әзірге жұмыстар серіктестік қаржысы есебінен жүргізілуде. Облыс басшысы қажетті қаржының алдағы уақытта бөлінетіндігін, әзірге күте тұру қажеттігін ескертті. Бұған дейін елді мекен тұрғындары ауыз суды тасып ішкен екен, енді алдағы жылы жоба аяқталған соң, су әрбір үйге дейін келетін болады.

Сапар барысында аймақ басшысы осы ауылдағы өз қаржысы есебінен ашылған, бүгінде 6 түрлі сүт өнімін шығаратын «Нұрлы абат», «Сандықтау Агро» серіктестіктерінде болды. Серіктестіктердің екіншісі бидайды қабылдау, сақтау және кептіру бойынша өндірістік база құру мақсатындағы инвестициялық жобаны іске асыруда. Облыс әкімі бұл жобаның аграрлық аймақ үшін маңыздылығын айтып, серіктестік басшыларына ризашылығын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.

Бұдан әрі жұмыс сапары Каменка ауылында жалғасты. Мұнда «Каменка и Д» серіктестігі биыл 1,5 миллиард теңгенің инвестициялық жобасын бастапты. Олар да бидайды қабылдау, сақтау және кептіру бойынша өндірістік база ашып, қуаты 18 мың тоннаны қамтитын диірмен салмақшы. Серіктестіктің қарамағында 24 мың гектар жер бар. Соның 2 мың гектардан астамына бидай егіледі.

1998 жылы негізі қаланған серіктестікте бүгінде 31 комбайн, 56 трактор бар екен. Шаруашылық осы ауыл-аймақтың 160-тан астам адамын жұмыспен қамтып, Каменка орта мектебіне де көмектесіп, елді мекеннің жағдайын жасауда. Еңбеккерлердің орташа еңбекақысы 160 мың теңге. Сапарының соңында Ермек Маржықпаев ауданда қолға алынған жобалардың маңыздылығы мен тұрғындардың өмір сүру жағдайының жақсарып жатқандығын атап өтіп, құрылыс, өндіріс, агробизнес саласының қарқыны дамып келе жатқандығына оң бағасын берді.