Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Сандықтау ауданындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Сандықтау ауданындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан жұмыс сапары аясында Сандықтау ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, агроөнеркәсіптік кешенде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары «Жабай» ЖШС-нің егіс алқаптарында болып, ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйімен танысты. Биыл кәсіпорынның жалпы егіс көлемі 7,9 мың гектарды құрады.
«Егіс науқаны белгіленген мерзімде толық аяқталды. Қазіргі таңда негізгі назар егістіктерді күтіп-баптауға және барлық агротехникалық талаптардың сақталуына аударылуда. Алқаптардағы қазіргі жағдай мол өнім алуға мүмкіндік береді», – деді серіктестік басшысы Дога Докаев.
Одан кейін Мұрат Балпан Максимовка ауылына барып, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда бұзауларымен бірге 340 басқа арналған репродукторлық ферма салынуда, ауыл шаруашылығы жерлерін суару жүйесі дамытылуда, сондай-ақ жасымық өңдеу цехының құрылысы жалғасуда.
Өңдеу цехының құрылысына тартылған инвестиция көлемі кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 1,3 млрд. теңгені құрайды. Нысанның өндірістік қуаты сағатына 5 тонна өнім өңдеуге жетеді. Өндірістік желіні іске қосу 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Сонымен қатар кәсіпорын аумағында сыйымдылығы 14 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2027 жылдарға белгіленген.

«Кәсіпорынды дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Репродукторлық ферма, жасымық өңдеу цехы және болашақ көкөніс сақтау қоймасының құрылысы өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтіп, жұмыс тиімділігін арттыруға және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Максимовское» ЖШС-нің басшысы Александр Закусилов.А