Сандықтау ауданында агроөнеркәсіп кешенінің жаңа жобалары таныстырылды

Сандықтау ауданында агроөнеркәсіп кешенінің жаңа жобалары таныстырылды

Жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының делегациясы Ақмола облысының Сандықтау ауданына барды.
Максимовка ауылында делегация мүшелері агроөнеркәсіптік кешендегі бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, «Свободное» ЖШС-де репродуктор ферма салу жобасы таныстырылды. Сонымен қатар қонақтар «Максимовское» ЖШС-де жасымық өңдеу цехының құрылысы барысымен танысты.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 1,3 млрд. теңгені құрайды. Болашақ цехтың өндірістік қуаты сағатына 5 тонна өнім өңдеуге жетеді. Өндірістік желіні іске қосу 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Бұдан бөлек, аталған аумақта сыйымдылығы 14 мың. тонна болатын көкөніс қоймасын салу жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2027 жылдарға белгіленген.
Делегация сондай-ақ «Свободное» және «Максимовское» ЖШС қаражаты есебінен салынған бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Бұл кәсіпорындар заманауи технологияларды енгізуді, өндірісті дамытуды және жоғары әлеуметтік жауапкершілікті тиімді ұштастырып отырған табысты, әрі тұрақты агробизнестің жарқын үлгісі болып табылады.
Сапар агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы салаларындағы Ақмола өңірі аграршыларының тәжірибесін зерделеуге және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.