Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Есмағамбетов Қанат Баярстанұлының төрағалығымен Сандықтау ауданында бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудиторлық тексерудің нәтижелерін қарау бойынша көшпелі отырыс өтті.
Отырысқа «Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Есмағамбетов Қ.Б., Тексеру комиссиясының мүшелері Тақамбаев М.Ш., Әбдрахманова Ә.Б., Рахымжанов М.Х., Қәркенов А.Б., аудан әкімінің орынбасары Жылқыбаев Қ.Қ, сондай-ақ дербес бөлім басшылары мен округ әкімдері қатысты.
Кездесу барысында тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар қаралып, бюджет заңнамасының орындалуына қатысты түсіндірмелер берілді, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігін арттыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар айқындалып, олардың орындалу мерзімдері мен жауапты орындаушылар белгіленді. Сонымен қатар, қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдарда ішкі бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.