Сандықтау ауданында этномедиативтік кездесу өтті

Сандықтау ауданында этномедиативтік кездесу өтті


Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татулық» жобасы аясында Ақмола облысының Сандықтау ауданында фокус топ форматындағы этномедиативтік кездесу ұйымдастырылды.

Шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, мектеп директорлары мен учаскелік инспекторлар, ардагерлер мен ақсақалдар, Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен дін саласының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Дүйсембайұлы Баймульдинов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының этносаралық қатынастарды дамытуға бағытталған тапсырмаларының өзектілігін атап өтті.

Сондай-ақ, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының Этномедиация орталығының директоры Луиза Магомедовна Узарова этномедиация әдістерінің тиімділігін түсіндіріп, оларды қоғам өміріне енгізудің маңыздылығына тоқталды.

ҚХА республикалық Этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзод Аббозович Пулатов этномедиативтік тәсілдердің дауларды шешудегі тәжірибелік маңыздылығына тоқталып, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Фокус топ барысында қатысушылар өңірдегі әлеуметтік мәселелерді талқылап, этномедиация институтының татулықты нығайтуға, тұрақтылықты сақтауға және қоғамдағы келісімді дамытуға қосатын үлесін ерекше атап өтті.

Кездесу қорытындысында қатысушылар этномедиация әдістерінің келісім мен тұрақтылықты арттырудағы әлеуетін жоғары бағалады.