Мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруда мемлекеттік қызметшілердің жұмысы маңызды рөл атқарады.
Бүгінде осы бір салада үздіксіз қызмет атқарып, әртүрлі лауазымдарда жауапты міндеттемелерді атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің бірі – Абдуахитова Орынбасар Асқарқызы.
Орынбасар Асқарқызы Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Шал ақын ауданындағы Жалтыр ауылында қарапайым еңбек адамдар отбасында дүниеге келген.
2005 жылы Петропавл экономикалық колледжінің «Құқықтану» факультетін үздік бітіріп, 2008 жылы Көкшетау қ. А. Мырзахметов атындағы университетінде «заңгер» мамандығын алып шықты. Еңбек жолы мемлекеттік тілге аударма жасаумен және іс жүргізуден басталды. Оқу орындарында алған білімдерін қолдана отырып, жеке секторда заңгер болып жұмыс істеді.
Бүгінде Орынбасар Асқарқызының мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 12 жылдан асуда. Осы уақыт ішінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеп, басқару және ұйымдастыру қабілеттерін шыңдады. 2016 жылдан бастап «Сандықтау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бас маман лауазымында қызмет атқарып келеді.
Бас маманның міндеттеріне мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды өткізуді қамтамасыз ету, бағдарламалардың жұмысы мен компьютердің техникалық жай-күйін бақылау, ведомстволық автоматтандырылған ақпараттық жүйеде жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштердің есебін жүргізу, аппарат қызметкерлері мен штаттан тыс қызметкерлерге кадрлық жұмыс жүргізу және т.б. кіреді.
Әріптестерінің айтуынша, мемлекеттік қызметші Орынбасар Абдуахитова – өте жауапты, оның кәсіби білігі мен азаматтармен жұмыс істей алатын қабілеті мол маман.
Жақында Орынбасар Асқарқызы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауына қатысты. Ақмола облысы бойынша өңірлік кезеңнің қорытындысы шығарылып, халықтық дауыс беру және өңірлік комиссия шешімінің нәтижесінде «Клиентке бағдарланған қызмет көрсетуші» номинациясы бойынша Абдуахитова Орынбасар Асқарқызы 1 орынға ие болды.