2025 жылғы 16 сәуірде Степногорск қаласында облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы «Горняк» орталық мәдениет сарайымен бірлесіп, «БИART» заманауи би өнерінің облыстық байқауын өткізді.
Байқаудың басты мақсаты – облыстағы заманауи би өнері саласындағы жарқын, ерекше талантты ұжымдарды анықтау және орындаушылық шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу.
Аршалы, Атбасар, Бурабай, Бұланды, Ерейментау, Зеренді, Қорғалжын аудандары мен Степногорск, Қосшы, Көкшетау қалаларынан келген 14 көркемөнерпаз хореографиялық ұжымның әрқайсысы қазылар алқасына джаз-модерн, модерн, неофолк, афро-джаз және т.б. стильде 2 заманауи би ұсынды.
«БИАРТ» заманауи би өнерінің облыстық байқауына қатысқаны үшін ұйымдастыру алқасының дипломымен «Үркер» би ансамблі (Қосшы қаласы), «DANCEBAZE» би ұжымы (Зеренді ауданы), «Фламинго» халықтық би ансамблі (Қорғалжын ауданы), «Эксклюзив» хореографиялық ансамблі (Степногорск қаласы), ««Радуга» халықтық би ансамблі (Степногорск қаласы), «Кудесники» би театры (Степногорск қаласы), «ANGELS» үлгілі заманауи би студиосы (Қорғалжын ауданы), халықтық би ансамблі «Ритм» (Бұланды ауданы) марапатталды.
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша Бас жүлдеге Ерейментау ауданынан келген «STORIES» би студиясы ие болды.
Бірінші орынды Аршалы ауданынан «Мираж» халықтық би ансамблі иеленді. Жүлделі екінші орынға екі ұжым ие болды – «Viva dance» үлгілі би ансамблі Бурабай ауданы және «Импульс» үлгілі заманауи би ансамблі Көкшетау қаласы.
Атбасар ауданынан «Молодость» халықтық би ансамблі және Степногорск қаласынан ««Счастливое детство» үлгілі хореографиялық ұжымы ұжымдары үшінші орынды місе тұтты.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.