
Қосшы қаласының креативтік хабында қолөнершілердің Мәжіліс депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесуі өтті.
Іс-шараны ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, депутат Нұргүл Тау жүргізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы – креативтік индустрияларды мемлекеттік қолдау болды. Бұл салада қолөнершілік басым бағыттардың бірі саналып, жалпы креативтік нарықтың үштен бірін құрайды. Бүгінде Қазақстанда 46 мыңға жуық қолөнершілікпен айналысатын субъект тіркелген.
Тарихи түрде қолөнершілік орталықтары елдің оңтүстік өңірлерінде – Түркістан, Тараз, Шымкент қалаларында шоғырланған. Жақында ғана Түркістан қаласына «Қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. «Ерекше мәртебе туралы» заңға сәйкес, жергілікті бюджет есебінен қолөнершілердің шығындарының 10-25%-ын өтеу қарастырылған.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов өз сөзінде қазіргі уақытта креативтік индустрияны қолдаудың екінші пакеті қаралып жатқанын, оның ішінде қолөнершілерді қолдаудың да құралдары бар екенін атап өтті.
Кездесу барысында қолөнершілік саласына қатысты басқа да мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, қолөнершілерге көрме алаңдарын бөлу және олардың өнімдерін коммерцияландыру жайы қозғалды.
Айта кетейік, биыл креативтік индустрияларды қолдау және дамыту туралы заң қабылданды. Сондай-ақ, Бюджет кодексіне сәйкес, бірыңғай лотерея операторының табысының 3%-ы тоқсан сайын Креативтік индустрияларды дамыту қорының корпоративтік қорына аударылатын болады. Бұл қор шілде айынан бастап жұмыс істейді.
Сонымен қатар, кездесуде депутат Аманжол Әлтай Қазақстанда Қолөнершілер күнін және «Халық шебері» ұлттық сыйлығын бекітуді ұсынды. Бұл мәселе Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында қаралатын болады.