Өңірде ірі мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу туралы

Өңірде ірі мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу туралы

Абылай хан орда тігіп, Арқада алты алаштан ән оздырған сал-серілер: Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайға мекен болған киелі Көкше жері биыл мерейтойға бай жыл болды.

Ақмола облысының атақты тұлғаларының шығармашылығы мен өмірінің насихатталуы Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығы, Сәкен Жүнісовтың 90 жылдығы, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Балуан Шолақтың 160 жылдығы, Көкен Шәкеевтің 100 жылдығы және тағыда басқа атақты тұлғалардың шығармашылығы мен өмірінің насихатталуын атап өту бойынша 3000-ға жуық іс-шаралар өткізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деп айтқан еді. Биыл Ақмола облысында Ұлы мереке – Наурыз мейрамы 20 мыңнан астам қала тұрғындарының қатысуымен жаңаша, ерекше нақышта тойланды.

Жыл басы күні Көкшетау қаласының алаңдары жаңа нақышта безендіріліп, алғаш рет з ауыл Сағадат Нұрмағамбетов, Біржан Сал, Рақымжан Қошқарбаев ауылы тігілді.

«Абылай хан» және «Тәуелсіздік» алаңдарында бой тіккен 16 киіз үйлерде қазақ халқының ұмыт қалған салт-дәстүрлері: «Беташар», «Ашамайға мінгізу», «Тұсау кесер» және т.б. көріністер ұсынылды.

Біржан Сал ауылы қала тұрғындары мен қонақтарын «Наурыз – көктем, жыр думан!» атты ауқымды театрланған қойылымына шақырды.

Целиноград, Бұланды, Ақкөл аудандары 2024 жылдың мерейтой иелері Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы, Балуан Шолақтың 160 жылдығы және Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған киіз үйлерде арнайы көрмелер ұйымдастырып, көрермен қауымына құнды жәдігерлерді ұсынды.

Сандықтау ауданымен бой тіккен арнайы киіз үйде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Владимир Быстрицкийдің көрмесі өтті.

Наурыз мейрамын мерекелеу аясында тұңғыш рет қос алаңды жалғастырушы Абай көшесі бойымен «Қолөнершілер ауылы» орналасты.

Ақмола облысы мәдениет басқармасының бастамасымен көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аясында «РИО» сауда ойын-сауық орталығында креативті индустрияны қолдауға бағытталған тұңғыш рет «Ғасырлар үні» жобасы аясында облыстың халықтық фольклорлық ансамбльдері мен отбасылық ансамбльдерінің концерті және «Көшпенділер мұрасы» open space аймағы ұйымдастырылды. Жетекші креаторлардың қатысуымен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі мен жаппай сатылымдар жүзеге асырылды.

«Көшпенділер мұрасы» open space аймағы аясында шығармашылық көрме апта бойы декоративті-қолданбалы өнер шеберлері, жетекші креаторлардың бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Ұлттық домбыра күніне 5 шілде күні, «Оқжетпес» стадионында 2500-ге жуық домбырашылар бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындаудан флешмоб өтті.

Қазақ тарихының өнер әлемінде танымал Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй қырандарының жолын ұстанған ұрпақтар, күй өнерінің дарабоздары, күйші-домбырашылар күні бүгін де ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрін жалғастыруда.

Рухани байлығымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды сіңіру мақсатында бұл флешмоб облысымыздың кәсіби домбырашылары мен қала тұрғындарының қатысумен бірнеше жыл қатарынан өткізіліп дәстүрге айналып келеді.

Ақпан айында облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына және Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Жас батыр – 2024» облыстық ер балалар байқауы өтті.

«Жас батыр – 2024» облыстық байқауының жеңімпазы Қосшы қаласының Р. Қошқарбай атындағы №1 мектебінің оқушысы Болат Жеңіс атанды. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған «СӘЛЕМ» II Халықаралық комедиялық қойылымдар фестивалі өтті.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы» РМҚК, «Astana Musical» мемлекеттік театры;

Сәбит Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театры;

Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры;

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры;

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры;

Түркістан қаласынан Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры;

Түркия Республикасының Стамбул Мемлекеттік театры;

Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік «Пантомим» театрлары қатысты.

4 күнге созылған фестиваль аясында көкшеуталық көрермен театр сахнасында Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның жетекші театрларының орындауындағы белгілі драматургтердың шығармалары тамашаланды.

«Үздік комедиялық қойылым» номинациясымен және                     1 000 000 тенге ақшалай сертификатпен «Номер 13» қойылымы үшін «Astana Musical» мемлекеттік театры марапатталды.

15 маусымда Абылай хан алаңында алғашқы рет «Таланттар әлемі» облыстық балалар фестивалі өтті. Оған мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында жұмыс істейтін балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық бірлестіктері қатысты.

Фестивальдің концерттік бағдарламасына аудандардан, Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларынан балалар ұжымдары өнер көрсетті. «New star» сән театры «Fashion Barbie» дефилесін көрсетсе, Ерейментау ауданы Еркіншілік ауылының жас бишілері. «Adagio» би мектебі (Көкшетау қ.), «Өнер» шығармашылық орталығы (Қосшы қ.), «Антре@Радуга» би студиясының (Державинск қ.) халықаралық, республикалық фестивальдар мен байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетті. Қалалық саябақта аллеяларда кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнердің көрмесі ұйымдастырылды. «Таланттар әлемі» фестивалі елімізде өскелең ұрпақтың дамуына үлкен көңіл бөлініп жатқандығының жарқын дәлелі болды.

        Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы Ақмола облысының 85 жылдығына, Біржан салдың 190 жылдығына, Балуан Шолақтың 160 жылдығына және Рақымжан Қошқарбаев пен Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналған «Жігіт сұлтаны» аймақтық байқауы өтті. Ұлттық тәрбие құндылықтарын насихаттау, өскелең ұрпақтың ұлтжандылық сезімін ұштау, ұлттық рухты сіңіру мақсатында ұйымдастырылды. Аймақтық байқауға Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Қосшы, Көкшетау қалаларынан 20-30 жас аралығындағы 13 жігіт Ұлы дала серілерінің бойындағы қасиеттерін паш етті.

Аймақтық байқаудың бас жүлдесін Астаналық Әли Ризабек жеңіп алып 500 000 теңге ақшалай сертификатқа ие болды және барлық қатысушылар мен жеңімпаздар ақшалай сертификаттар және дипломдармен марапатталды.

Қазақстанның бірінші Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионаттарының, Азия ойындарының және Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, Ақмола облысының Құрметті азаматы Владимир Михайлович Смирновқа арналған салтанатты іс-шара қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының Республикалық базасында патриоттық, жарқын және салтанатты түрде аталып өтті.

Жыл бойы аймақтық және өңірлік деңгейде ұлы тұлғалардың шоқтығы биік туындыларын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, дәріптеу, талантты жастарымызды шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында «Арқа әуендері» аймақтық дәстүрлі әншілер байқауы, Сағындырған әндер-ай ретро фестиваль, «Өнерлі шаңырақ», «Көркіңнен айналайын, Көкшетауым!» аймақтық өнер фестивалі және тағыда басқа өнердің дамуына серпін беріп, көмейінен күмбірлі күй төгілген ұлттық аспабымен күй тартылып, ән де, жыр да төгілген түрлі іс-шаралар өткізілді.

Сондай-ақ, Иран сал Тасқараұлының 85 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеші,                                  Қапаш Қабыкенқызы Құлыштың 75 жас мерейтойына арналған «Ән ғұмырым – сұлу Көкшем» атты шығармашылық кеші, Тұрлықожа Базаровтың 75 жас мерейтойына арналған «Күмбірлеткен кеудемді күй еркесі» атты шығармашылық кеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Любовь Адилованың 75 жас мерейтойына арналған «Сәлемімді қабыл ал, сұлу Көкше!» атты шығармашылық кеші, «Мәдениет саласының үздігі» Абсалық Салықтың 70 жас мерейтойына арналған «Әнім саған, туған ел!» атты шығармашылық кеші және Мұса Асайыновтың 95 жылдығына арналған «Асқақ әнші, ақтаңгер ақын» атты рухани-танымдық кеші және Ақмола облыстық филармониясында композитор, әнші, «Мәдениет қайраткері» Юрий Айтжановтың 70 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.

V Дүниежүзілік көшпенділер Қазақстандағы жылдың ең маңызды оқиғасы болды! Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени шаралар өткізілді.

Этноауылда жоспарлаған барлық іс-шаралар – мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды насихаттау, олардың ұлттық бренді болып табылатын Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін насихаттауға Ақмола облысының өнерпаздары барынша атсалысты.

Этноауыл аумағында күн сайын «Шығыс базары» қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істеді, оған Ақмола облысының сәндік-қолданбалы өнерінің үздік 10 шебері қатысты.

10 қыркүйек күні Ақмола облысының мәдени бағдарламасы ұсынылды. Мәдени бағдарламаға өңіріміздің 500 жас домбырашылары және 200-ге жуық халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Мыңдаған көрермендер мен қатысушылар, дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жанкүйерлері Ақмола облысының шығармашылық ұжымдарының керемет концерттік бағдарламасының куәсі болды.

Сонымен қатар, мәдени бағдарлама Этношанырақ сахнасында республикалық байқауларының жүлдегерлері Ерлан Дәулет және Құрмет Құралхан қатысуымен айтыс және Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы өтті.

Салтанатты шеруде бірліктің нышанына айналған «Тайқазанға» Ақмола облысының делегациясы қатысты, оның құрамында еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, спортшылар, қоғам қайраткерлері, «Батырлар» мен «Елшілер», Шахмет Құсайынов қазақ музыкалық-драма театрының әртістері, «Көкшетау» мәдениет сарайының халықтық хореографиялық ансамбльдері, ақын және жазушы Алмас Темірбай, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Бисара Мәкенова, Тойған Изим.

7-13 қыркүйек аралығында Ақмола облысы музейлерінің көрмесі ұсынылған көшпелі өркениеттер музейі күн сайын жұмыс жасады. Киіз үйімізде Ақмола облысының «Көшпенді елдің этномәдениеті» атты көрмесі ұйымдастырылды: Абылай ханның «Мөр сақинасы», шоқпары және қанжары, қола дәуіріне жататын артефакттардан бастап, жеті қазынамыз, күміс әшекей бұйымдар, ер және әйел адамның көне киімдері, ата-бабамыздың тұрмысқа пайдаланған қолөнер туындыларын халық назарына ұсынылып, экскурсоводтар                 3 тілде барлық келген қонақтарды экспонаттармен таныстырды.

Ақмола облысының бас киіз үйінде күн сайын Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының театрландырылған қойылымы, атап айтқанда «Бесікке салу», «Шашу», «Бата беру» дәстүрлері ұсынылды.

Қазанның 11 жұлдызында «Көкшетау» мәдениет сарайында Көкше өңірінің айтыс өнеріне үлесін қосқан, халық ақыны, Қазақстанның ақын және жыршылар Одағының президенті, қазақ ақындарының көш бастар абыз ақсақалы атанған Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына орай, халқымыздың ұлттық өнерін насихаттап, айтыс өнерін дамыту мақсатында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен, «Көкшенің көк семсері Көкен ақын» атты елімізде алғашқы рет Қазақстан мен Қырғыз елінің айтыс ақындары мен дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері арасындағы халықаралық аламан өнер жекпе-жегі өтті.

Қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын ортақтастырып, рухани қазынасын байытып, екі елдің достығын нығайтып өткен Сүйінбай мен Қатағанның, Османқұл мен Кененнің, Жамбыл мен Тоқтағұлдың ізін жалғастырып, суырып салма ақындық өнерін кеңінен насихаттап, оны одан әрі дамыту мақсатында өткізілді.

Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізді.

Қазақстан мен Қырғызстан елінің мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы - Жүрсін Молдашұлы Ерман төрағалық етті.

Қазылар алқасының шешімімен жарыстың Бас жүлде – 2 адамға 3 000 000 теңгеден Мақсат Аханов (Қазақстан) пен Амантай Кутманалиев (Қырғызстан) ұтып алды.

Көкшетау аспанын ән мен жырға бөлеп, көрермен көңілін шалқытып, дүбірлеп өткен осы айтыс ел есінде көпке дейін сақталады деп сенеміз.

        Жыл соңына дейін біршама іс-шаралар қатары жоспарланған, мәселен күрделі жөндеуден кейін Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Сәкен Жүнісовтың 90 жылдығына орай конференция залы мен Төлеген Қажыбай атындағы кабинеттің ашылуы жоспарланған.

Назарларыңызға рахмет!!!