Өнер саласындағы Umai-2023 ұлттық сыйлығын алу үшін өтінімдерді қабылдау 16 қазанда басталды. Айтулы шығармашылық табыстары мен үздік жетістіктері үшін кәсіби шығармашылық ұжымдар мен жекелеген өнер қайраткерлерін қолдауға бағытталған байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен сыйлықтар көлемі мен жалпы жүлде қоры едәуір ұлғайды.
Өткен жылғы жеңімпаздарды марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында өткен болатын. Ол ұлттық телеарнаның тікелей эфирінде көрсетіліп, музыкалық қауымдастық арасында үлкен резонанс туғызды. Мүсінше мен ақшалай жүлделерді 20 лауреат иеленді.
– Umai ұлттық сыйлығы – еліміздегі мәдениет пен өнерге деген ерекше көзқарастың көрсеткіші. Өз дарындарын жүзеге асыру үшін шығармашыл жандарға қолдау қажет, бұл оларды жаңа жетістіктерге, тың дүниелерді жасап шығаруға жігерлендіреді, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Өткен жылы байқауға қатысуға театр, музыка, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер салаларында 400-ден астам өтінім берілді. Сыйлықтың былтырғы жетістігінен кейін әріптестеріміздің, атап айтқанда шығармашылық ұжым өкілдері мен жекелеген мәдениет пен өнер қайраткерлерінің белсенділігі едәуір жоғары болады деп күтілуде. Әсіресе өңірлердің ынтасына үміттенеміз.
Ұлттық өнерді қолдау және дамыту мақсатында биыл сыйлықтар саны 29-ға дейін айтарлықтай ұлғайтылды, сәйкесінше ақшалай жүлделер де артты. Биыл сыйлықтың жүлде қоры 79 миллион теңгені құрайды.
Өтінімдерді қабылдау «Театр өнері», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» тәрізді төрт негізгі номинация бойынша өтеді.
«Театр өнері» номинациясында сегіз сыйлық тапсырылады: «Опера өнері» (операдағы ерлер және әйелдер партиясын үздік орындау), «Актерлік шеберлік» (драмалық немесе музыкалық-драмалық спектакльдегі: оперетта, мюзикл, рок-опера, музыкалық комедиядағы үздік ер адам және үздік әйел адам рөлі), «Үздік режиссура» (музыкалық-драмалық немесе драмалық спектакльдегі режиссерлік жұмыс), «Спектакльдің үздік көркемдік безендірілуі» (костюмдер және/немесе декорациялар), «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» - опера, драмалық/музыкалық-драмалық (оперетта / мюзикл / рок-опера / музыкалық комедия) және «Үздік драмалық спектакль / музыкалық комедия».
«Хореографиялық өнер» номинациясында алты сыйлық белгіленген: «Үздік би ұжымы» (халықтық, заманауи немесе эстрадалық би ансамблі), «Үздік заманауи хореография спектаклі», «Балеттегі үздік орындаушы» (балет солисі /ер/ әйел), «Үздік хореограф», «Үздік классикалық балет спектаклі».
Тағы төрт сыйлықты жеңімпаздар «Музыкалық-орындаушылық өнер» номинациясында алады: «Үздік дәстүрлі орындаушы (ән айту)», «Үздік дәстүрлі орындаушы (аспапшы)», «Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық), «Үздік музыкалық ансамбль» (халық).
«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» номинациясында сыйлықтар «Үздік сәндік-қолданбалы өнер шеберіне» мынадай санаттарда беріледі: қолөнер шебері (зергерлік өнер, металл өңдеу, эксперименттік/аралас техникалар), қолөнер шебері (ағаш өңдеу, көркем ою, керамика), қолөнер шебері (киіз, текстиль, тоқымашылық, былғары).
«Үздік бейнелеу өнерінің туындысы» үшін тағы төрт сыйлық тағайындалады, атап айтқанда олар: «Үздік кескіндеме шебері», «Үздік заманауи өнер суретшісі (перформанстар, инсталляциялар, арт-нысандар және т. б.), «Үздік графика шебері» және «Үздік мүсін шебері». Осы аталғандардың ішіндегі ең соңғысы алғаш рет пайда болды, көркем сурет / графика бойынша өткен жылғы бір жүлде биыл екі жеке сыйлыққа бөлінді.
Осы жылы «Үздік балалар спектаклі» (екі сыйлық) арнайы жүлделермен атап өтіледі, сондай-ақ тәуелсіз сараптау комиссиясының мүшелері финалистердің арасынан «Жыл жаңалығын» (сахналық өнер саласында) (екі сыйлық) таңдайды. Шығармашылықта бетбұрыс жасаған және Қазақстанда, сондай-ақ одан тыс жерлерде театр саласындағы өздерінің жарқын бірегей жетістіктері арқылы танымал болған, жасы 40-тан аспаған сахна өнерінің шеберлері «Жыл жаңалығы» жүлдесіне үміткер бола алады.
Айта кету керек, ұжымдар мен орындаушылар 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 2023 жылдың шілдесіне дейінгі театр (концерттік) маусымында атқарған жұмыстары үшін Umai-2023 сыйлығының номинанттары бола алады. Жекелеген өнер қайраткерлері (опера солистері, драма актерлері, режиссерлер, суретші сценографтар, костюмдер бойынша суретшілер, балет солистері, хореграфтар, музыкалық орындаушылар) сыйлыққа номинацияға дейін екі жылдан аспайтын мерзімде, яғни 2021 жылдан 2023 жылға дейін орындаған рөлдері/партиялары/шығармашылық жұмыстары/музыкалық бағдарламалары үшін аталымға түседі. Суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері 2021 жылдан ерте емес жасалған жұмыстары үшін аталымға түседі. Өтінімдерді қабылдау 5 желтоқсанда аяқталады.
Сыйлыққа инновациялық шығармашылық қызметтері елдің мәдениеті мен өнерінің дамуына ықпал ететін Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер бола алады. Номинанттарды республикалық, өңірлік немесе жергілікті билік органдары, мәдениет ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, шығармашылық одақтар мен қауымдастықтар, мәдениет пен өнер саласындағы оқу орындары, сондай-ақ жеке тұлғалар ұсына алады.
Тәуелсіз сараптау комиссиясының құрамына енетін Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлеріне үздіктердің үздігін таңдауға тура келеді. Umai-2023 ұлттық сыйлығы лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі 22 желтоқсанда «Астана Опера» театрында өтеді.
Umai сыйлығы жас мәдениет және өнер қайраткерлеріне жетістікке талпынуға серпін береді. Символикалық мәнге ие сыйлық атауы түп-тамырымызға қайта оралтып, туған жерге, табиғатқа қамқорлықпен қарауға шақырады және терең философиялық тақырыптарға үндейді.