Көкшетау қаласында халық әншісі Қажыбай Жахинге мемориалдық тақта орнатылды

Көкшетау қаласында халық әншісі Қажыбай Жахинге мемориалдық тақта орнатылды

Көкшетау ежелден Арқада алты алаштан ән оздырған сал-серілердің мекені екені белгілі. Алтайдан Атырауға дейін байтақ далада Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Олардың сырлы әндері шеттегі қандастарымыздың да  жүректерін баурағалы қашан.

Осы бір ғажайып дәстүрді 80 жылдардың аяғында Көкшенің төл тумасы жас әнші Қажыбай Жахин жалғастырған болатын.

Болашағынан зор үміт күттірген жас талант Алматыға аттанып, ҚР Халық әртісі, әйгілі дүлдүл әнші Қайрат Байбосыновтың сыныбында оқып, сүйікті шәкірті атанады. Дара даусына тәнті болған Қайрат Байбосынов шәкірті Қажыбайды «Айбоз» деп еркелетеді.

Ғажап даусымен, ән айту мәнерімен жұртты баураған Қажыбай сұлу Көкшесін әнімен тербетті. Көкшені көтерді, өзі де биікке шығандады. Жайдары мінезімен, адал көңілімен, әдемі әнімен, сырбаз сәнімен ел еркесі атанды.

Бүгін де ақ тұйғын құстай биіктен сорғалап құйылған әнімен ел есінде қалған әнші Қажыбай Жахинның есімін халық жадында мәңгілікке сақтау мақсатында Көкшетау қаласы, Жеңіс көшесі 33 үй мекен-жайы бойынша әнші құрметіне мемориалды тақта орнатылды.

Іс-шара жүргізушісі – белгілі ақын, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспанов.

Әнші Қажыбай Жахинді еске алып, ағасы Ерсайын Жахин, Нұр-Сұлтан қаласынан келген сот саласының ардагері Нұралин Дәулет, белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері, «Абылай ханның қара жолы» жобасының жетекшісі Мұрат Қажы жылы сөзді естеліктерімен бөлісті.

Ақмола облыстық филармониясының солисі Сәрсенбай Хасенов жиналған қауым құрметіне әсем әнін тарту етті.

Аталмыш іс-шара ән өнерінің аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен дүлдүл әнші Қажыбай Жахиннің есімін мәңгілікке өшпестей қалдырудың керемет үлгісі болмақ.