Қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі Мәлік Ғабдуллиннің Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивінде Қазақстан Жазушылар одағының қолжазба қорында сақталған «Қазақ баласы», «Сын казаха» атты қолжазбасы кітап болып оқырман қауымға жол тартты.
Жазған хаттары мен естеліктерінен қазақ-орыс тілінде «Қазақ баласы» атты дүние жазып жүргендігі оны сақтық шарасында ағасы Сәбит Мұқановқа жолдап отырғандығы туралы оқыған едік. Бұл туралы Сәбит Мұқановтың естеліктерінде де айтылады. 2019 жылы М.Ғабдуллиннің Батыр атағын алған күніне орай өткізілген конференцияда шәкірті Серік Негимов ұстазы М.Ғабдуллиннің «Қазақ баласы» қолжазбасын таба алмай жүрмін дегенін естіген біздер Мәлік Ғабдуллиннің жарық көрмеген, анығы жарық көре алмаған кітабының қолжазбасын іздестіру үшін арнайы Алматы қаласына іс-сапарға шықтық. Бірнеше жылдар бойы табылмай жүрген қолжазба ҚР Орталық мемлекеттік архивінің Жазушылар Одағының қолжазба қорынан табылды.
Қолжазба күйінде сақталған М.Ғабдуллин мұрасының көшірмесі музейдің ғылыми қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2019 жылы Көкшетауға жеткізгеннен кейін, электронды нұсқасы дайындалып ғылыми кеңестің қарауында сараптама жасалып, баспаға ұсынылды.
Бүгінде бұған дейін сарытап қағаздарда шаң басқан қолжазба түлеп, түрленіп уақыт олжасына айналып, өз оқырмандарына бұйырды.
Бұл еңбек оқ пен оттың арасында қағазға түскен сол сәттердегі көңіл-күйдің туындысы ретінде құнды.
Тұсаукесерге көкшелік қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. «Ақмола - «Тіршілік» ЖШС-нің директоры, жазушы, драмматург. музей жанашыры Жабал Ерғалиев пен Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова кітаптың тұсауын кесті.
Іс-шарада сөз алған ғылыми кеңестің мүшелері, осы кітапқа тпікір жазған ғалымдар Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, филология ғылымдарының кандидаты Аян Қажыбай және филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек қолымызға тиіп отырған бұл еңбектің ең басты құндылығы ол оның еш қоспасыз жазылған шынайылығында екендігін айтты. Ғалымдар бірауыздан «Қазіргідей кітап оқымайтын кезеңде, біз бүгінгі жас ұрпақтың санасына патриоттық сезімді сіңіру үшін, осы еңбектің насихатын күшейту жолында жұмыс жасауымыз керек. Мұны бәріміздің ортақ міндетіміз деп білемін» деген ой-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шараға қатысқан ел ағалары Батырдың 105 жылдығы мен Жеңістің 75 жылдығына орай шығарылған құнды еңбектің жарыққа шығуымен құттықтап, музей қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдірді.