"Көкшесін асқақтатқан Кәрім еді..." атты кітаптың тұсаукесері

"Көкшесін асқақтатқан Кәрім еді..." атты кітаптың тұсаукесері

2025 жылдың 18 желтоқсанында Әдебиет және өнер музейінде журналист, әнші-сазгер, өнертанушы, ұстаз Кәрім Ілиястегінің өмірі мен шығармашылығына арналған "Көкшесін асқақтатқан Кәрім еді..." атты кітаптың тұсаукесері өтті.  Музейдің жинақтау жұмыстары нәтижесінде жарық көрген кітапта Кәрім Есмағұлұлының әр жылдары баспа беттерінде жарық көрген мақалалары мен көркем туындылары, ән мәтіндері мен ноталары басылған. Сонымен қатар, өнерпаздың шығармашылығы мен өмір жолына, азаматтық тұлғасына арналған естелік мақалар, очерктер жинақталды.  

  Тұсаукесер рәсімінде сөз алған жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек Кәрім Ілиястегінің адамдық, азаматтық келбетін, журналистік қарым-қабілетін әңгімелей келе, сазгерлік қырын да ерекше атап өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова Кәрім Есмағұлұлының «Көкшетау – Сарыарқаның раушан гүлі» әнін тамылжыта орындап, көпшілікті тәнті етті. Ақмола облысы мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Бейсенбаева музей ұжымының еңбегін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында Кәрім Ілиястегінің ұрпақтары мен туыстары жиылған көпшілікке ризашылығын айтып, музей басшылығына алғыс білдірді.