Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» атты салтанатты іс-шара өтті

Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» атты салтанатты іс-шара өтті

Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мереке адал еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан қарапайым еңбек адамдарына деген құрметтің көрінісіне айналды. Шараға еңбек ардагерлері, әр сала мамандары, жас мамандар мен кәсіпорын өкілдері қатысты.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренова құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанын атап өтті.
Салтанатты кеште облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан еңбек майталмандары марапатталды.
Концерттік бағдарлама шымылдығы «Көкшетау» халықтық би ансамблінің орындауындағы ұлттық нақыштағы «Тойға шашу» биімен ашылды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – «Мәдениет қайраткері» Мәдина Тлеулина.
«Еңбек ері» әнін көрерменге аса шеберлікпен жеткізген – республикалық байқаулардың лауреаттары Серікболсын Бекмолдин мен Инсара Мукушева.
Кеш барысында К.Санторо мен Г.Никитинскийдің «Песня шофера» әні орындалды. Бұл туындыны «Көкшетау жолдары» АҚ қызметкері, талантты орындаушы Максим Тимоховец пен республикалық байқаулардың лауреаты Арай Букаева шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің лирикалық сәтіне айналған А.Бабаджанянның «Ноктюрн» шығармасын «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева және «Мәдениет қайраткері», «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов шеберлікпен орындады.
Кештің шарықтау шегі – «Халқым-ай» әні болды. Әнді: «Шапағат» медалінің иегері Аякөз Қалмағанбетова, республикалық байқаулардың лауреаттары Аманғали Жұматаев, Алан Бектеміров және жетекшісі – «Мәдениет саласының үздігі» Галина Колесникова болған камералық хор орындап, залды ерекше рухқа бөледі.
Бұл кеш – маңдай термен келген еңбекке тағзым,
Ел бірлігі мен рухының жарқын көрінісі болды.