«Қалдырған әнім аманат» концерті өтті

«Қалдырған әнім аманат» концерті өтті

24 қыркүйек күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияда қазақтың дәстүрлі ән өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, асқан дарын иесі Үкілі Ыбырайдың 165 жылдығына арналған «Қалдырған әнім аманат» атты мерекелік концерт өтті.

Концертке еліміздің танымал әншілері: Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Ғалым Мұхамедин (Жезқазған қ.) мен Бисара Макенова (Көкшетау қ.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамасұлы (Астана қ.), мәдениет саласының үздігі Медет Осатаев (Қарағанды қ.) қатысты.

Сонымен қатар филармонияның шығармашылық ұжымдары мен әншілері – К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, көркемдік жетекшісі және бас дирижері “Мәдениет саласының үздігі” Руслан Қойшыбаев, «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Төлеубаева, «Шапағат» медалінің иегері Аякөз Қалмағанбетова, республикалық байқаулардың лауреаттары Сәрсенбай Хасенов пен Зәмзәгүл Смағұл өз өнерлерін ортаға салды.

Кеш барысында Арқаның әншілік дәстүрі дәріптеліп, Үкілі Ыбырайдың шығармашылығы мен қазақ өнеріндегі орны айрықша атап өтілді. Концерт соңында өнерпаздарға алғыс айтылып, халықтың ықыласына бөленді.

Үкілі Ыбырайдың асыл мұрасы – қазақ халқының рухани байлығы, келешек ұрпаққа қалдырған баға жетпес аманат.