“Ел тарихында алғаш рет: Көкшетауда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін жырлаған ақындар айтысы өтті”

“Ел тарихында алғаш рет: Көкшетауда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін жырлаған ақындар айтысы өтті”

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Көкшетау қаласында «Құрмет саған, құрылысшы!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Шараның мақсаты – жұмысшы мамандықтарын насихаттау және олардың беделін арттыру.

Іс-шара Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты айтыскер ақындарды бір сахнаға жинады. Бас демеуші – «ЖК Жакупов» құрылыс компаниясы.

«Құрмет саған, құрылысшы» айтысының Көкшетау жерінде өтуі – өңіріміз үшін үлкен мәртебе. Бұл – жай ғана сөз шеберлерінің сайысы емес, құрылысшылардың еңбегінің маңыздылығын мойындау, олардың тек өңіріміздің ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін бағалау», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Айтыстың жүргізушісі – белгілі айтыскер ақын, ғалым, қоғам қайраткері Аманжол Әлтаев болды.

Қазылар алқасының құрамына мәдениет пен ғылымның танымал қайраткерлері енді. Олардың қатарында – филология ғылымдарының докторы, академик, жазушы әрі журналист Уалихан Қалижан, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, ақын Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын Арман Бердалин, Халықаралық ақындар-айтыскерлер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, жыршы-термеші Құдайберлі Мырзабеков және мәдениет саласының басқа да құрметті өкілдері бар.

Сөз сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен келген он жүйрік айтыскер қатысты:

  • Дәурен Ақсақалов (Шымкент) – Бас жүлде иегері, 3 000 000 теңге және ұйымдастыру алқасының сертификаты;
  • Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) – I орын иегері, 2 000 000 теңге және сертификат;
  • Мұхаммед Қонқаев (Көкшетау) – II орын иегері, 1 500 000 теңге және сертификат;
  • Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе) және Еркебұлан Қайназаров (Түркістан облысы) – III орын иегерлері, әрқайсысына 1 000 000 теңгеден және сертификаттар табысталды.

Қалған қатысушыларға – 500 000 теңгеден және ұйымдастыру алқасының сертификаты табысталды.

Айтыс барысында ақындар құрылысшылардың ерен еңбегін жырлап, елдің сәулеті мен өркендеуіне қосқан үлесін дәріптеді. Шара аясында қонақтар Көкшетаудың соңғы жылдары бой көтерген жаңа шағын аудандарын, Қопа көлінің абаттандырылған жағалауын, амфитеатрларды, көп қабатты заманауи үйлерді, гүлзарлар мен демалыс орындарын жырға қосты.