4-ші тамыз күні Мәлік Ғабдуллин музейі мен «Белсенді ұзақ өмір» орталығының бірлесе ұйымдастыруымен Қазақтың ұлы ақыны Абай Кұнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясындағы Абай күніне арналған ғалым, абайтанушы Сәбит Нұрмұхамбетұлы Жәмбекпен «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты сұхбат-кездесу өтті.
Қазақтың бас ақыны, ойшыл, сазгер Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын қастерлеу, дананың даралығын бағалау, құрметтеу және дана Абайдың мол мұрасын көпшілік оқырманға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сұхбат-кездесуге белсенді ұзақ өмір орталығының ардагерлері қатысты.
Сұхбат-кездесуді Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы ақпарат және мәдениет саласының үздігі Байқал Байәділ жүргізді.
Сұхбат барысында абайтанушы Сәбит Нұрмұхамбетұлы Жәмбек ғылыми тұжырымдар мен талдаулар арқылы Абай шығармаларының мән-маңызын жаңа қырынан ашып көрсетті.
Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға Сәбит Жәмбек жан-жақты әрі ғылыми негізделген жауаптар беріп, аудиториямен белсенді диалог орнатты.
Іс-шара аясында белсенді ұзақ өмір орталығының ардагерлері Абай өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
Сұхбат-кездесуді Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхаммед Мерекеұлы Қоңқаев қорытындылап, тыңдарманын Абай әлеміне бойлатқан Сәбит Нұрмұхамбетұлына ризалығын білдіріп, ғалымның кітап қорына Абайдың кітабын сыйға берді.
Абайтанушы Сәбит Нұрмұхамбетұлымен сұхбат кездесуді ұйымдастыру арқылы музей ұжымы белсенді ұзақ өмір орталығындағы ардагер ата-апаларымыз бен олардың немере-шөберелеріне Абай ілімін дәріптеп, рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтардың құрметін арттыруғаөз үлестерін қосты.