6 шілде күні Ақмола облысының жүрегі – Көкшетау қаласындағы Қопа көлінің жағалауы бұрын-соңды болмаған рухани серпіліс алаңына айналды. Ұлттық домбыра күніне арналған ерекше флешмоб барысында 3000-ға жуық домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерін бір сәтте орындап, аспанмен астасқан ұлы сарын арқылы күллі елдің рухын аспандатты!
Бұл тек өнер мерекесі ғана емес, ата-бабалар үнін жаңғыртқан тарихи сәт, жүректердің үндестігіне айналған керемет көрініс болды. Домбырашылардың сап түзеген отырысы алыстан қарағанда шексіз далада пайда болған жұмбақ бір жазу сынды, ұлттық болмыс пен бірліктің символына айналды. Бұл — үнсіз тілде жазылған, бірақ жүрекпен оқылатын бірлік поэмасы еді. Әрбір домбырашы — бір әріп, ал олардың бір ырғақпен тербелген үні — ел болмысының киелі шумағы.
Іс-шара шымылдығын халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары — “Он алты қыз” халықтық би ансамблінің әсерлі «Домбыра» прологы ашты. Қос ішектің сырлы сазын қимылмен бейнелеген бұл композиция би мен күйдің әсем тоғысын паш етті. Ансамбль жетекшісі — Мадина Дусмогомбетова көрермен жүрегін тербеген әсерлі өнер туындысын ұсынды.
Музыкалық үйлесімдікті жоғары кәсіби деңгейде қамтамасыз еткен — Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияның К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері — Жанат Рашит, ал мыңдаған домбырашыларға дәл уақытпен дирижерлік етіп, жүректі тербеткен ырғақты үйлестірген — «Мәдениет саласының үздігі» Руслан Қойшыбаев.
Бұл — жай ғана флешмоб емес. Бұл — халқымыздың жан дауысы, елдік пен бірліктің жарқын көрінісі, тектілік пен тәубенің үнін күмбірлеткен ұлы мезет.
Сол күні киелі қара домбыра — мыңдаған жүректі бір ырғаққа тоғыстырып, көк аспанды да тербетіп жіберді.
Айта кету керек, шеруге қатысқан өнерпаздардың басым бөлігі — жас домбырашылар. Бұл — ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа беріліп, рухани тамырымыздың мықты екенінің айғағы.
Шараға өңір мақтаныштары — елге еңбегі сіңген өнер қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда:
Ұлы шараны ұйымдастыруға Ақмола өңірінің мәдениет ошақтары белсене атсалысты: Үкілі Ыбырай атындағы филармония, «Көкшетау» мәдениет сарайының “Көкше саздары” домбырамен ән сашу студиясы мен “Көркемтау” домбыра ансамбльдері, «Достар» мәдениет үйі, облыстық халық шығармашылық орталығы, және де өңірдің аудан-қалаларынан келген өнерпаздар.
“Өнер-2018”, “Alau”, “Jana beles”, “Шабыт”, “Clever kids”, “Клименко” сынды орталықтардың тәрбиеленушілері де мерекенің сәнін кіргізді.
Бұл — қазақтың қара домбырасының мәңгілік өміршең екенінің дәлелі. Бұл — Мәңгілік Ел мұратын өнермен өрнектеген ұлы мереке.
Ұлттық домбыра күні құтты болсын!