Ұлттық өнердің ұлы кеші Көкше төрінде

Ұлттық өнердің ұлы кеші Көкше төрінде

Абылай хан орда тіккен, Арқада алты алаштан ән оздырған сал-серілер — Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар туған қасиетті Көкше жерінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі тағылымы терең, жүрекке жететін әсерлі концерттік бағдарламасын ұсынды.

Көкшетау қаласындағы жаңа қоғамдық кеңістік — Қопа көлінің жағалауындағы «Амфитеатрда» өткен кешке 10 мыңнан астам қала тұрғыны жиналды. Тыңдарман көңілінен шыққан бұл өнер кешінің арнайы қонақтары — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі әнші Нұрлан Өнербаев және халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Аяжан Қуанышалиева өз өнерлерімен көрерменнің көзайымына айналды.

Кеш барысында оркестр мен солистердің орындауында «Адай», «Саржайлау», «Шаңды жорық», «Сарыарқа» күйлері, «Қарағым-ай», «Ауылым» әндері, Бизе, Штраус, Ахмет Жұбанов сынды композиторлардың шығармалары шырқалды. Барлығы жиырмаға жуық туынды ұсынылды.

Оркестрдің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген концерт репертуары жайлы былай деп атап өтті:

«Репертуарымыз дәстүрлі күйлерден бастап, шетел классиктеріне дейінгі кең ауқымды қамтиды. Құрманғазы, Дина, Тәттімбет күйлерімен қатар, әлемдік композиторлардың шығармаларын да орындаймыз. Бұл — ұлттық аспаптардың үлкен мүмкіндігін көрсетеді.

Сонымен бірге қазіргі қазақ композиторларының күрделі, мазмұнды туындылары бар. Әр шығармада біздің тарихымыз, рухымыз, болмысымыз жатыр.

Бізді ең қуантатыны — Көкшетау халқының ықыласы. Өңір көрермендері оркестр өнерін ерекше жылы қабылдап, зор қошеметпен қарсы алды. Бұл — өнерге деген құрметтің, ұлттық музыкаға деген шынайы махаббаттың айғағы».

Ұлттық рухтың айнасы — күй мен дәстүрлі музыканың жауһарлары осы кеште көрерменге жаңа леппен ұсынылды.

Бүгінгі кеш — көрерменнің аузынан әлі талай уақыт түспейтін, шынайы әсер қалдырған ерекше өнер оқиғасына айналды.

10/06/2025