15 мамыр күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің «Сырлы мекеннің сырбаз әуені» атты концерті өтті.
Мадиар Абай жетекшілік еткен, әр шығармасы бойыңа нәр беретін, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ансамбльдің репертуары бай.
Шыңдалған, өзіндік ерекше қолтаңбасы бар ансамбль қанықты концерттік бағдарламасын көпшіліктің назарына ұсынды.
Бағдарлама «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің орындауында, ұлттық би өнерінің әсемдігін бейнелейтін «Гәкку» би ансамблінің «Шашу» биімен ашылды. Сонымен қатар филармонияның жезтаңдай әншілері «Мәдениет қайраткері» төсбелгісі мен ҚР «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есовтың орындауында Е.Үсеновтің «Балуан ата» әні, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Төлеубаеваның орындауында Т.Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда», Т.Ізтаевтың «Нұрикамал» әндері көрермендердің жүрегін тербеп, ерекше сезімге бөледі. Жас әнші Аманғали Жұматай Ш.Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы» шығармасын шарықтата шырқады. Ансамбльдің бес саусағынан бал тамған майталман музыканттары: Жұлдыз Мукушева (жетіген) ұлттық музыкалық аспаптың сұлулығын көрсететін «Айжұлдыз» композициясын, Айнабек Оразалы қасиетті қара домбырада Н.Сахының «Асыл мұра» туындысын, Мадиар Абай баянда Р.Гальяноның «Танго для Клода» шығармасын асқан шеберлікпен орындап, тыңдармандарының жүрегінде терең із қалдырды. Ансамбльдің орындауында шабыттандыратын, рух беретін Нұрболат Сахының «Өрлеу», Рухты ел» және Темірлан Шөкеновтің «Самғау» туындылары мен Қ.Жұмағалидың «Ғасырлар үні», М.Бердіғұловтың «Дәуір дастан» шығармаларын өнер сүйер қауым беріле тыңдады.
Көненің көзін жаңғыртып, ұлттық туындыларымызды халқымыздың сырлы, сазды аспаптарына салып жеткізген, өткен мен бүгінгі ғасырды жалғаған фольклорлық ансамбльдің «Сырлы мекеннің сырбаз әуені» концерті халқымыздың мәдени байлығын, дәстүрлі өнерінің сұлулығын көрсететін ерекше концерт болды.