
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Ерейментау ауданына жасаған жұмыс сапарының негізгі тақырыбы мал шаруашылығы кластерін дамыту болды.
Өңір басшысы «Жаңа-Береке-Репродуктор» ЖШС-нің бордақылау алаңында болды. Кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Сондай ақ, 46,8 мың гектар ауылшаруашылығы алқабына иелік етеді және 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда 3,8 мың бас ірі қарамен 5 мыңға жуық қой өсірілуде. Кәсіпорын директоры Айдар Нигметов өңір басшысын шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен, мал бордақылау жұмысының ұйымдастырылуымен және алдағы даму жоспарларымен таныстырды.
Шаруашылық жұмысымен танысу барысында кепілдік міндеттемелерінсіз, 50/50 қағидаты негізінде жүзеге асырылатын тауарлық кредиттеу бойынша алғашқы келісімдерге қол қойылды. Бұл тетікке сәйкес алынған төлдің жартысы якорлық кәсіпорынға қайтарылады, ал қалған жартысы шаруашылықтың өзінде қалады. Осы аясында «Жаңа-Береке-Репродуктор» ЖШС «Нурали» ЖШС және «Береке 5» ЖШС-мен 200 бас қойды беру жөніндегі келісімшарттарға қолқойып, өңірде якорлық кооперацияның жаңа моделін іс жүзінде енгізудің бастамасын жасады.
«Торғай» консорциумының жайылымды қалқаптарында облыс әкіміне бастапқы қуаттылығы 7,5 мың бас қалмақ тұқымды іріқара өсіруге арналған, ал 2030 жылға қарай аналық мал басын 22,5 мың басқа дейінұлғайтуды көздейтін екі жоғары технологиялық асыл тұқымды репродуктор құру жөніндегі инвестициялық жоба таныстырылды. Бұл жоба өңірде қалыптастырылып жатқан экспортқа бағдарланған ет кластерінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
Сапар барысында «Торғай» ЖШС мен «SeletaAgroInvest» ЖШС арасында 150 бас қалмақ тұқымды ірі қараны беру жөніндегі алғашқы тауарлық кредит шартына да қол қойылды.
Марат Ахметжанов сондай-ақ «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы саналатын «Қарағайлы» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.
Кооператив 2025 жылдың мамыр айында 100 саулық қой сатып алуға жеңілдетілген несие алған болатын. Бүгінде шаруашылықтағы қой саны үш есеге жуық артып, 280 басқа жетті.
📱 t.me/Aqmola_region