
Қосшы қаласында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Халық санының қарқынды өсуіне және көлік жүктемесінің артуына байланысты қалаішілік жолдарды салу мен жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда қалада көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, қалалық ортаның сапасын жақсартуға бағытталған екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Келесі жылы тұрғындарды жаңартылған 19 көше күтуде.
Қосшы қаласының көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 232 шақырымды құрайды. Оның 135 шақырымы асфальтбетон жабынымен қамтылған, 62,2 шақырымы қиыршықтас-топырақ жолдар болса, тағы 34,8 шақырымы грунт жолдар күйінде қалып отыр.
Негізгі бағыттардың бірі – қалаішілік жолдардың құрылысы. Жұмыстарды BI Group компаниясы жүргізуде. Жоба жалпы ұзындығы 16,5 шақырымды құрайтын 19 көшені қамтиды.
Соңғы үш жылда жоба аясында екі қабатты асфальтбетон жабыны төселген 15 көше салынды. Биыл мердігер ұйымның қаражаты есебінен Тоныкөк, Арқалық, Күлтегін және Қашғари көшелерінің құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда нысандарда дайындық және жол-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар қалада ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын Республика көшесіне орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мердігер ұйым – «Компания Энергодор» ЖШС. Қазіргі уақытта учаскеде демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жол жабынын толық ауыстыру, бордюрлер орнату, жол таңбаларын салу, автобус аялдамаларын жаңарту, сондай-ақ көше жарығы жүйесін ішінара жөндеу қарастырылған.
Жұмыстардың орындалу барысымен жұмыс сапары аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты. Өңір басшысы қоғам өкілдерімен бірге жол нысандарын аралап көрді.
«Барлық жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Мердігерлер, мемлекеттік органдар және тұрғындар арасындағы өзара іс-қимыл сындарлы болуы маңызды. Қоғамдық бақылау қажет, алайда ол тікелей технологиялық процеске араласпауы керек. Ол үшін тиісті қадағалау органдары бар. Мұнда барлығы бірлесіп әрекет етіп, туындаған мәселелерді бірге шешуі қажет», – деді өңір басшысы.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Нысандарда 20-ға жуық техника мен 30 шақты инженерлік-техникалық маман жұмылдырылған.
«Алдымен жол жабыны мүлде болмаған проблемалық учаскелер анықталды. Қазіргі таңда жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, қазір жобаның үшінші кезеңі іске асырылып жатыр. 2027 жылға дейін қаладағы 19 көшенің жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарланған. Бұл шағынаудандар арасындағы көлік қатынасын жақсартып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «АБК Автодор НС» ЖШС жоба жетекшісі Жанат Мұқашев.