Қосшы қаласында электр желілерін салу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр

Қосшы қаласында электр желілерін салу  жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр

Бұл жоба қаланың оңтүстік бөлігін және 19–20-шағын аудандарда тұратын шамамен 3000 тұрғын үшін электр қуатының тұрақтылығын арттыруға және сапалы жарықпен қамтамасыз етуге бағытталған.

2023 жылы облыстық бюджет есебінен жобаның барлық құжаттамасы әзірленіп, жалпы құны 2,9 млрд теңге болып бекітілді. Сол құжаттар негізінде 2025 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын ТОО «Инсект» компаниясы қолға алды. Сонымен қатар, жұмыстардың сапасын бақылау үшін арнайы техникалық және авторлық қадағалау ұйымдары белгіленген.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген кестемен сәйкес жүргізілуде. Қалада жаңа электр бағандары орнатылып, темірбетон конструкциялары құрастырылып жатыр. Бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, қажетті кабельдер тартылды. Сондай-ақ трансформаторлық қосындыларға арналған іргетастар да дайындалуда.

Бүгінге дейін жалпы жұмыстың 27 пайызы аяқталды. 753 дана СВ 95-2 және 202 дана СВ 105-5 электр бағаны орнатылды. Қуаты жоғары СИП кабелінің 5 шақырымы тартылды. Бұл жұмыстар аяқталған соң, қаладағы жарық беру сапасы айтарлықтай жақсарады.

Жобаның тапсырыс берушісі – Қосшы қаласының құрылыс бөлімі. Мердігер – ТОО «Инсект». Қадағалаушы ұйымдар – ТОО «Redline Pro» және ТОО «Мерей-Тайынша». Құрылыстың басталуы 2025 жылдың шілдесіне сәйкес келеді, ал толық аяқталуы осы жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Жалпы, бұл жоба Қосшы қаласының дамуына үлкен серпін береді. Жаңа аудандарда тұратын тұрғындар үшін жарықтың сапасы жақсарып, электр қуатының тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Бұл – қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.