Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесу: сапалы инвестиция тарту мәселесі ерекше бақылауда

Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесу: сапалы инвестиция тарту мәселесі ерекше бақылауда

Қосшы қаласында «жасыл белдеу» – саябақтар, гүлзарлар, көгалдандырылған көшелер мен қорғаныш ормандар жүйесін қалыптастыру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласының халқымен кездесуде мәлімдеді. Қазірдің өзінде қаланың орталық бөлігінде жалпы көлемі 4,2 гектарды құрайтын саябақ пен екі гүлзар салуға жертелімдері бөлінген.

«Жуырда бекітілген Қосшы қаласының Бас жоспары – жайлы және экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған. Биыл екі гүлзардың құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, төрт балалар ойын алаңын орнатуға 100 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары басталып кетті», – деді өңір басшысы.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада мыңнан астам бейне бақылау камерасы орнатылады. Өткен аптада облыс әкімдігі жеке инвестормен келісімге келіп, бақылау жүйесін оның есебінен орнату туралы келісім жасасты. Қаланың экономикалық әлеуетін арттыру үшін өнеркәсіптік және логистикалық аймақтарды кеңейту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және халық тұтынатын тауарлар өндіретін жаңа кәсіпорындар ашылады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 264 гектарды құрайтын Индустриялық парк салу көзделіп отыр. Өңір әкімі атап өткендей, осы жер телімдерінің едәуір бөлігі жеке меншік иелігінде болса да, пайдаланылмай келеді. Осыған байланысты Қосшы қаласының әкімдігіне жәнесалалық басқармаға жер телімдерін түгендеу тапсырылды. Негізгі басымдықтар: меншіктің заңдылығы мен тиімді пайдаланылуы.

«Мұндай жерлер стратегиялық маңызға ие және халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс: жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке кіріс әкеліп, инвестициялық ахуалды жақсартуға үлес қосуы қажет. Қосшының елордаға жақын орналасуы – оның басты артықшылығы. Бұл – шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын тудыратын фактор», – деді Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, Қосшының тиімді географиялық орналасуына венгриялық UBM Group компаниясы қызығушылық танытып отыр. Құны 13,4 млрд теңгені құрайтын премикс зауытын салу жоспарланған. Жоба аясында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Өткен жылы қалада 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 85 жаңа жұмыс орны құрылған болатын. Биыл жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын екі есеге көп жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, бұл – «Орман алқабы» және «Сирень бағы» тұрғын үй кешендері, « Алтын-Қазық» ЖШС-нің ет өңдеу кешенін жаңғырту және бірқатар бизнес-орталықтардың құрылысы. Нәтижесінде 300-ден астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда Қосшы қаласында екі ірі өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. «Алтын-Қазық» ЖШС былтыр 1,6 мың тонна ет өнімін өндірсе, кәсіпорынның толық қуаты – жылына 3 мың тонна. Ал «ИЛ ТОВ» ЖШС 2023 жылы 3 мың тоннаға жуық мұздатылған тауық етінен жартылай фабрикат шығарған.

«Өндірістік қуатты толық жүктеу және одан әрі ұлғайту үшін облыстың өзге аудандарымен шикізат жеткізу мәселелері бойынша тығыз байланыс орнату қажет», – деді өңір басшысы.

Марат Ахметжанов атап өткендей, сапалы инвестициялар тарту мәселесі ерекше бақылауға алынады.

t.me/Aqmola_region