Мемлекеттiк қызметтi адамға бағдарланған сервистiк сипатта ұйымдастыру мәселесi Агенттiк төрағасының Ақмола облысындағы iссапарында көтерiлдi

Мемлекеттiк қызметтi адамға бағдарланған сервистiк сипатта ұйымдастыру мәселесi Агенттiк төрағасының Ақмола облысындағы iссапарында көтерiлдi

Бүгiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi төрағасы жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.

Iссапар барысында Дархан Жазықбаев өңiрдiң мемлекеттiк қызметшiлерiмен, Агенттiктiң Ақмола облысы бойынша департаментi және ҚР Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясы филиалының ұжымымен кездесу өткiздi. Жиында мемлекеттiк аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту, мемлекеттiк қызметтi алуда әкiмшiлiк кедергiлердi жою, сондай-ақ халықтың билiк институттарына деген сенiм деңгейiн арттыру мәселелерi талқыланды.

Агенттiк төрағасы «мемлекеттiк қызметтi түбегейлi жаңғыртудың басты мақсаты — халық үнiне құлақ асатын мемлекеттiк аппаратты қалыптастыру» екендiгiн атап, мемлекеттiк қызметшiлердi сыбайлас жемқорлыққа, мүдделер қақтығысына, заңға қайшы әрекеттерге, қоғам тарапынан сынға ұшырайтын қылықтарға, мемлекеттiк аппараттың абыройы мен беделiне нұқсан келтiретiн әрекеттерге жол бермеуге шақырды.

Өңiрдiң жас мемлекеттiк қызметшiлер мен жоғары оқу орындарының түлектерiмен арнайы жүздесу мақсатында Агенттiк төрағасы облыстық Жастар-ресурстық орталығына барды. Дархан Жазықбаевтың айтуынша, Агенттiк тарапынан жас мамандарды мемлекеттiк қызметке iрiктеудi жеңiлдету бойынша бiрқатар ұсыныстар дайындалды. Мәселен, жоғары оқу орындары мен колледждерде мемлекет есебiнен бiлiм алып, оқу үлгерiмiнiң орташа балы (GPA) жоғары деңгейдi көрсеткен жас маман иелерiн аудандық және ауылдық деңгейдегi төмен лауазымдарға конкурстан тыс негiзде қабылдау ұсынылып отыр.

«Болашақта орталарыңызда мемлекеттiк қызметке келемiн деген жастар болса, менiң сiздерге айтарым — басты мақсат — үлкен бастық болу емес, ел игiлiгi үшiн қызмет атқару болуы керек. Мақсат жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерге негiзделуi тиiс», — деп атап өттi Д. Жазықбаев.

Сонымен қатар, Агенттiк төрағасына мемлекеттiк қызметке орналасу, мемлекеттiк бағдарламалар, гранттар, жеңiлдiктер, ипотекалық несиелендiру бойынша тегiн әрi шұғыл консультативтiк көмек қызметтерiн көрсететiн Көкшетау қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысы ұсынылды.

Сапар барысында Дархан Жазықбаев Көкшетау қаласының және Бурабай ауданының Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысып, қала әкiмдiктерiнде азаматтарды қабылдады. Жергiлiктi халық тарапынан туындаған сауалдарға жауап берiп, жиында көтерiлген түйiткiлдi мәселелердi шешу мақсатында Агенттiктiң аумақтық Департаментiне бiрқатар тиiстi тапсырмалар берiлдi.