Көңiл толқытқан күмбiр

Көңiл толқытқан күмбiр

«Көкшетау» мәдениет сарайында әдебиет және өнер музейiнiң ұйымдастыруымен «Бабамнан қалған мұра сен болмасаң…» деген тақырыппен Ұлттық Домбыра күнiне арналып көрме өттi. Көшпелi көрмеге музей қорындағы Сұлтан Жалмұқанұлы, Көкен Шәкеев, Сәкен Жүнiсов, Жұмағали Саин, Кәрiм Iлиясов, Естай Мырзахметов, Мәлiк Ғабдуллин, Қажыбай Жахин сияқты танымал тұлғалар, өнерпаздар ұстаған домбыралар әкелiнiп қойылыпты. Оларды музей қызметкерi Нұрболат Әлменов таныстырды. Ол әр аспап иесi, аспапты музейге кiмнiң, қашан табыс еткенi, әр домбыраның жасалуы, тарихы, ерекшелiктерi туралы толыққанды әңгiме өрбiттi. Өмiрден бұрынырақ озған тарихи тұлғалардың көзiн көргендердiң азайып бара жатқаны белгiлi. Ал, күнi кеше ортамызда жүрiп, домбырадағы шебер ойындарымен көрермендерiн тамсандырған Кәрiм, Сәкен ағалар, Қажыбай замандасымыз шерткен шанақтан шыққан күмбiрдi қалың көрермен ұмыта қойған жоқ. Әр аспапқа қарап тұрсаң, оның иесiнiң кемел өнерi көз алдыңа келедi. Музей директоры Нұрбек Нұрәлi алға қарай да бұл үрдiстi жалғастырып, бұл бағытта iзденiс жүретiнiн айтты. Мазмұнды көрме таныстырылған соң жиналған қауымды Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы, ақын Серiк Жетпiсқалиевтар Ұлттық Домбыра күнiмен құттықтап, сөз сөйледi. Осы мерекеге және Дина Нұрпейiсованың 160 жылдығына арналған «Бұлбұл» аймақтық байқауының бас жүлдегерi Эльвира Бошымова күйден шашу шашты.

Ақындар арнауы

Домбыра күнiне орай өткен тағы бiр ауқымды шара М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кiтапхана ұйымдастырған «Әгугай, домбыра!» атты облыстық ақындар мүшәйрасы болды. Бұл додаға жиыр-маға жуық үмiткер өлеңжырларын ұсынса, алдын ала ол шығармалар екшелiп, 5 автор таңдалып алыныпты. Жиналған тыңдарман мен әдiл қазылар алқасы алдында осы бес ақын өз өлеңдерiн оқыды. Мүшәйра қорытындысында өзiнiң «Айбоз» метафизикалық поэмасымен Қуаныш Оспан бас бәйгенi, Саян Есжан екiншi, Серғазы Қайырболды үшiншi жүлделi орындарды жеңiп алды. Мүшәйраға қонақ ретiнде шақырылған облыстық филармонияның әртiстерi — Төлеген Аманов Бiржан салдың «Ләйлiм шырақ» әнiн тамылжыта шырқаса, Досқан Қалиенов Қазанғаптың «Ақжелеңiн» тартты. Мүшәйра иесi — М.Жұмабаев атындағы кiтапхананың директоры Құдайберлi Мырзабек шараға қатысушыларға алғысын айтты.