Журналистердің мейрамы күні «Достар» мәдениет сарайында қала әкімі Бауыржан Ғайсаның атынан жергілікті тілшілерге оның орынбасары Уақыт Бейсембаев құрмет көрсетті. Яғни, шағын шаһардың тыныс-тіршілігін дәріптеп, насихаттауда елеулі еңбек еткен тілшілер марапатталды. Салтанатты шара барысында оларға қала әкімінің алғыс хаты мен кәде сыйлығы табысталды. Марапатқа ие болғандардың қатарында қалалық «Көкшетау» газетінің жауапты шығарушысы Алтын Зағыпарова, «Степной маяк» газетінің тілшісі Наталья Яковлева, әріп теруші Сара Фомичевалар да бар. – Бұл мереке осы салада қызмет ететіндердің еңбегін атап өтуге тамаша мүмкіндік. Бір ғасырдан уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов баспасөздің рөлін «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп сипаттады. Бұл сөз бүгінде тек баспасөзде ғана емес, қазіргі таңдағы ақпарат саласына да қатысты. Сондықтан қаладағы тіршіліктің тамырын басып, жылт еткен жаңалықты жария етіп, жақсыны көріп, кемшілікті сынай білу де үлкен тапқырлықты, талғамды қажет етеді, – деді өз сөзінде Уақыт Бегайдарұлы. Шара барысында журналистика саласына талай жылын арнаған жандарға да сыйлықтар табыс етілді.