Түйткiлдi мәселелердiң шешiмiн бiрлесiп табу керек

Түйткiлдi мәселелердiң шешiмiн бiрлесiп табу керек

Көкшетау қаласының әкiмi

Бауыржан Ғайса коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң сауалдарына жауап берiп, қаланың әлеуметтiк-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуал, биыл жүргiзiлетiн жұмыстар жайлы және шешiмiн күткен мәселелер туралы айтты.

Биыл көкшетаулық кәсiпорындар 68,4 млрд теңгенiң өнiмiн өндiрдi. Бұл өткен жылғы осы мерзiммен салыстырғанда 170,6%. Инвестиция көлемi — 15,1 млрд теңгенi құрады. Есептiк кезеңде 858 адам жұмыспен қамтылды. 797 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы екi қолға бiр күрек тапты. Қала әкiмiнiң айтуынша, тұрғын үй беру — ең көп талқыланатын және көпшiлiктi толғандыратын түйткiлдердiң бiрi. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласының құрылыс бөлiмi жалпы ауданы 67 мың шаршы метрден асатын және жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын 21 тұрғын үйдiң құрылысын жүргiзiп жатыр. Жыл соңына дейiн Көкшетау қаласында жалпы ауданы 30 мың шаршы метрден асатын 16 баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Алайда, елiмiзде құрылыс материалдары бағасының өсуiне алаңдаушылық бар. Бұл өз кезегiнде құрылыс саласына және нысандарды тапсыру мерзiмдерiне керi әсер еттi. Тағы бiр мәселе көппәтерлi тұрғын үйлердi күтiп ұстау болып табылады», — деп атап өттi қала басшысы. Ал, 1996 жылы ПИК құрылғаннан берi 25 жыл iшiнде көптеген кемшiлiктер орын алды. Бұл жалпы жүйенiң беделiн түсiрдi, сондай-ақ, азаматтардың қызмет көрсету сапасына деген наразылығын тудырды. Көппәтерлi үйлердiң тұрғындары қазiр басқару нысанын таңдауға және өзгертуге, сондай-ақ, меншiк иелерiнiң бiрлестiгiн немесе жай серiктестiктi құруға құқылы. Әрбiр көппәтерлi тұрғын үйдiң өзiнiң басқару органы — үй кеңесi, пәтер иелерiнiң, тұрғын емес үй-жайлардың арасынан үйдiң мүдделерiн бiлдiретiн және қорғайтын бақылау органы болады. Ал, барлық ПИК-тер 2022 жылдың шiлдесiне дейiн үйге ортақ мүлiктi берiп, сервистiк немесе басқарушы компания түрiнде дамудың өзiндiк жолын таңдауы қажет. «Халық үнiне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын iске асыру мақсатында азаматтардың қажеттiлiктерiн сапалы орындауда мемлекеттiк органдардың жедел және тиiмдi әрекет етуi үшiн әкiмдiктiң халықпен керi байланысының пәрмендi тәсiлдерiнiң бiрi әлеуметтiк желiлер болып табылады, онда әрбiр азамат өзiн қызықтыратын сұрақ қоя алады. Әкiмдiк қызметкерлерi күн сайын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының проблемалық мәселелерiн анықтау үшiн әлеуметтiк желiлерге мониторинг жүргiзедi. Мониторинг барысында анықталған мәселелер жедел әрекет ету шараларын қабылдау үшiн тиiстi мемлекеттiк органдарға жiберiледi», — дедi

Бауыржан Ғайса. Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк бағасының тұрақтылығы жiтi назарда. Бұл ретте, жергiлiктi тауар өндiрушiлерiнiң өнiмi қойылған әлеуметтiк сауда павильондары ашылды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласында да тың серпiн байқалады. Қала бюджетi

7 миллиард теңгеге толығып, 61 жаңа жұмыс орны ашылған. Айта кетейiк, бүгiнгi күнi 16 400 шағын және орта кәсiпкерлiк субьектiлерi тiркелiп отыр. — Тұрғындарды қолжетiмдi, тұрақты бағадағы азық-түлiкпен қамтамасыз ету үшiн «Көкше Маркет» деген атаумен 3 әлеуметтiк павильонын аштық. Олар Васильковка және Центральный шағын аудандарында, сондай-ақ, Алтынсарин, Абай көшелерiнiң қиылысында орналасқан. Онда әлеуметтiк маңызы бар тауарлар нарық бағасынан төмен бағамен сатылады. Бағаны бақылауда ұстау үшiн қаланың тауар өндiрушiлерiмен 19 меморандум жасалды», — дедi шаһар басшысы. Жол мәселесi де өзектi. Биыл 11 шақырым жол желiсiне орташа жөндеу жұмыстары жүргiзiлмек. Оған 450 миллион теңге қаржы бөлiндi. Кенесары, Әуелбеков, Қуанышев, Алтынсарин, Көл жағалауы жөнделедi. Сондай-ақ, Сәтпаев, Гвардейская, Сүлейменов көшелерi ағымдық жөндеу көрiп, Уәлиханов көшесiнiң бойындағы тротуар жаңартылады. Ақан серi көшесiне дейiнгi Ғабдуллин, Әуезов учаскесiнiң үнемi жарылып жататын құбырларын ауыстыру жұмыстары аяқталып келедi. Екi жылға жоспарланғандарын өз мерзiмiнде тапсыру мiндеттелген. Ал, жартылай жөнделмей қалған Гагарин көшесiн қалыпқа келтiру шаралары келесi жылға шегерiлдi. Биыл 9 балалар алаңын, 15 спорт алаңдарын салу жоспарда тұр.

Журналистер тарапынан қаланың шешiмiн күткен мәселелерi: құрылысы аяқталмай жатқан Красный Яр трассасы бойындағы оқу-тәрбие орталығының жай-күйi, өткен жылдан берi уәде етiлiп, бiрақ iске асырылмай жатқан шаралар, жұмысы тоқтап қалған тұрмыстық қалдықтарды өңдеу цехтарының бүгiнгi жайы, электр желiлерi жиi iстен шығып, жарықсыз қалатын мөлтек аудандардың ахуалы, күнделiктi қажеттi өнiмдер бағасының тұрақсыздығы, т.т. сауалдарына жауап берген қала әкiмi түйткiлдi мәселелердi бiрлесiп шешуге шақырды.

«Көкше-ақпарат».