31 мамыр Қазақстан күнтізбесінде 1937 жылы басталған саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген.
30-жылдары Қазақстан аумағы алып лагерьге айналды: Дальный, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Өскемен… КСРО ІІМ орталық мұрағатында НКВД-ның ең ірі еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі – Қарлаг екені жазылған. Ол 1930 жылы 13 мамырда КСРО ХКК қаулысымен осы облыстың Тельман, Жаңаарқа және Нұра аудандарының
аумағында құрылды. 1937-1938 жылдары мұнда 43 мың тұтқын болған. Карлаг жүйесінде 292 өндірістік лагерьлік нүктелер, 26 дербес бөлімшелер болды. 1931 жылдан 1960 жылға дейін Карлагқа шамамен 1 млн адам келді. Өнеркәсіп Ақмола тігін-кесте фабрикасынан және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірқатар кәсіпорындардан тұрды. Зауытта 1100 адам жұмыс істеді.
Көкшетау қалалық атқару комитетінің 1942 жылғы құжаттарында НКВД-нің Карлаг базасын салу үшін арнайы жер учаскесі бөлінгендігі айтылады. Көкшетау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының 1952 жылғы жылдық бухгалтерлік есебіндегі түсіндірме жазбадан ІІМ лагерь бөлімшесі Павловка ауылының маңында, Бұлақ ауылдық кеңесінің аумағында, Уголки учаскесінде орналасқанын білеміз. Үш онжылдыққа созылған қарағандылық лагерь өз қызметін 1959 жылдың шілдесінде тоқтатты. КСРО ІІМ бұйрығымен Қарағанды облысы ІІБ тұтқындау басқармасы болып қайта құрылды.
«Отанын сатқандардың» әйелдері үшін арнайы «АЛЖИР» Ақмола лагері бастапқыда «26-шы нүкте» деп аталды. Оның базасында 1938 жылдың қаңтарында Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері пайда болды. «Бұл лагерьде Сталиннің бұйрығымен сегіз мыңға жуық әйел тұтқында болды, олардың бар кінәсі 1930 жылдардағы қуғын-сүргін алаңына тасталған күйеулеріне опасыздық жасамағаны болды. Кеңес Одағында жүздеген ГУЛАГ лагерьлері таратылды, АЛЖИР жер бетіндегі тозақтың эпицентрлерінің бірі болды. НКВД-ның 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 бұйрығы жаппай қуғын-сүргіннің басы еді. Қысқа мерзімде бірнеше ай бойы «Отанын сатқандардың» әйелдері тұтқындалып, 5-8 жылға сотталды. Олар үшін НКВД-ның 1937 жылғы 3 желтоқсандағы осы бұйрығының негізінде «26-шы нүкте» деп аталатын еңбек поселкесі негізінде НКВД Карлагының ақмолалық арнайы бөлімшесі құрылды. Бір жастан үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдердің алғашқы легі Ақмолаға 1938 жылғы 6 қаңтарда келді. «20 мыңнан астам әйел этаппен келді, 8 мыңы Алжирде адам төзгісіз азапты бастан кешті. Олар негізінен есімдері посткеңестік кеңістікте кеңінен танымал белгілі мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлерінің әйелдері: Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Арифа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, ату жазасына кесілген Маршал Тухачевскийдің отбасынан шыққан әйелдер, жазушы Борис Пильняктің жұбайлары Кир Андронникошвили, Юрия Трифонова, Евгения Лурье, Болат Окуджава мен Майя Плисецкаяның аналары және т.б. Лагерь бірнеше саманнан, төрт мұнарадан және тікенді сымнан тұрды. Қаңтар мен ақпан айларында тұтқындар бірнеше этаппен келе бастады. Тек Бутырь түрмесінің өзінен 1600 әйел келді. Әйелдерді Алжирге еліміздің түкпір-түкпірінен: Мәскеуден, Ленинградтан, Украинадан, Грузиядан, Армениядан, Орта Азиядан әкелді. Тұтқындардың қажырлы еңбегінің арқасында КарЛАГ-тың 26-шы нүктесі қысқа мерзім ішінде табысты, көпсалалы шаруашылыққа айналды, ал өндірістік көрсеткіштері бойынша КарЛАГ-тың барлық бөлімшелерінің арасында бірінші орынға шықты. Шалғай далада, елді мекендерден алыс жерде әйелдер оларды киіммен және тамақпен қамтамасыз етіп қана қоймай, соғыс жылдарында майданға арнайы мундирлеумен қамтамасыз ететін тұтас өндірістік кешен құрды. Лагерьде тігін фабрикасы жұмыс істеді, онда кейінірек тігін цехы ұйымдастырылды. Көпсалалы ауылшаруашылығы да маңызды орын алды. Шағын электр станциясы салынды. Егістік және бау-бақшамен қатар, қарбыз бен қауын өсірілетін бақша дақылдары үшін де жер бөлінді. Жер өңдеумен қатар мал шаруашылығы бойынша жұмыстар жүргізілді, сиыр фермасы, тауықтарға арналған инкубаторлар, ветеринарлық аурухана салынды. Лагерьлерде өлім-жітім жоғары болды. 1940-1950 жылдар аралығында Карлагта 10 000 тұтқын қайтыс болды. Өлім көрсеткіші 1943 жылы ай сайын жүздеген адамға жетті». 1929 жылы еңбек лагерьлері мен еңбек қоныстарының бас басқармасы – ГУЛАГ құрылды. 1940 жылы ГУЛАГ жүйесінде 53 лагерь, ал 1954 жылы 64 лагерь болды. 1930 жылы лагерьлерде 179 мың тұтқын, 1940 жылы 1344408, ал 1953 жылы 1727970 адам болды.
1954 жылғы 1 ақпанда КСРО Бас прокуроры Р.Руденко, КСРО Ішкі істер министрі С.Круглов, Әділет министрі К.Горшенин қол қойған анықтамадан үзінді: «1937 жылы сотталған, оның ішінде «үштіктер»: барлығы 790 665 адам, оның ішінде: ең жоғары жазалау шарасы (ату) бойынша – 353 074 адам (сотталғандар санының 44,6%), түрмелер мен лагерьлерде – 429 311 адам, жер аударылғандар – 1 366 адам. 1938 жылы сотталғандар – 554 258 адам, 328 618 адам ату жазасына кесілсе, 205 509 адам лагерьлерге, 16 842 адам айдауға жіберілген.
1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінді қорытындылайтын тағы бір құжат – БКП(б) ОК Саяси Бюросының 1938 жылғы 17 қарашадағы «тұтқындау, прокурорлық қадағалау және тергеу жүргізу туралы» №П65/116 шешімі. 1937-38 жылдары партия басшылығымен НКВД органдары КСРО-ны «халық жауларынан» тазарту бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Елді диверсиялық бүлікші және тыңшы кадрлардан тазарту социалистік құрылыстың одан әрі жетістіктерін қамтамасыз етуде оң рөл атқарды. Алайда, мұнымен КСРО-ны тыңшылардан, зиянкестерден, террористерден және диверсанттардан тазарту ісі аяқталмады. Ендігі міндет – КСРО-ның барлық жауларымен аяусыз күресті жалғастыра отырып, бұл күресті неғұрлым жетілдірілген және сенімді әдістердің көмегімен ұйымдастыру болды.
Репрессия, аштық… Жағдай жыл са-йын нашарлай берді. Мәселен, БКП(б) Ақмола округтік комитетінің 1930 жылғы 29 мамырдағы анықтамасында «Адамдар аштықтан ісінуде» деген атаумен Камышинский ауылын аштық жайлағаны атап өтілген. Ауыл шаруашылығы артелінде 13-15 күннен нан берілмейді. (Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты Ф.99. Оп2.Д. 3.Л. 132). Басқа дереккөздерге сүйенсек, 1932 жылы сәуірде облыстық партия комитеті республика басшылығына: «облыста ашаршылықтан 246 өлім және 133 ісіну мен тамақтанбау фактілері анықталды» деп хабарланған. (СКОА.Ф.Оп.1 Д.20 Л.31). Бұл сұмдықтарды большевиктер халықтан жасырды. Бұл өткен дәуірде болды, оны деректер арқылы білдік, ол сұмдық ешқашан қайталанбасын деп тілейміз.
Ғалымдардың зерттеуінше, Қазақстанда Кеңес өкіметі жылдарында саяси қуғын-сүргін құрбандарының саны 3,5 млн адамды құрады. Сонымен қатар, заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған 305 мыңнан аса адам ақталды. Мұрағат материалдарын зерделеу жұмыстары жалғасуда. Қанды қырғынның тыртығы тарих қатпарында мәңгіге сақталары сөзсіз.
Гүлбаршын САЛЫҚ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.