Тұрғындар өтiнiшi назарда

Тұрғындар өтiнiшi назарда

Әкiм қабылдауына келген қала тұрғыны Асылбек Байниязов жасы келген зейнеткер ретiнде пәтер кезегiнде 2198-шi болып тұр. Жұбайы Балқия бiрiншi топтағы мүгедек. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмiнен қарияларға уақытша тұратын жатақханадан бөлме берiлген. Жеңiс мерекесiне орай тыл еңбеккерi ретiнде жәрдемақы тағайындалған. Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi тарапынан жұбайына кресло-орындық, есту аппараты, арба берiлген. Алайда, санаторлық-шипажайлық ем алу мәселесi қарастырылмаған. Қария қазiргi жағдайын ортаға салып, жатақхана жайсыз екенiн және өздерi үшiн жүрiп-тұруға ыңғайсыздық танытатынын айтты. Әрине, баспана мәселесi өзектi. Дегенмен, бәрi заң жолымен шешiледi. Ал, қарияларға шипажайға бару жағдайы әлеуметтiк бөлiм мамандары арқылы жан-жақты зерттеледi. Әкiм қабылдауына келген Базарбай Рақымов болса, саяжай мәселесiн қозғады. ТШБ бөлiмi бау-бақша серiктестiгiнiң электр желiлерiн өз балансына алмай келедi. Алайда, саяжайлардың iшкi желiлерi ол серiктестiк мүшелерiнiң жеке меншiгi саналады, сондықтан оны жөндеу жұмыстарымен олар өздерi айналысуы керек. Бау-бақша аумағындағы үйлер, құрылымдар, бақша учаскелерi де жекеменшiк түрiне жатады, сондықтан оны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмi өз балансына ала алмайды. Наурызгүл Тұрсынова да баспана мәселесiн қозғады. Көпбалалы ана 90-шы болып кезекте тұр. Шаһар басшысы баспана мәселесi тек заң жолымен ғана шешiлетiнiн айтты. Қабылдауға жазылған көпбалалы ана Александра Михайлова, көпбалалы әке Қадыр Мұхтаров та тұрғын үй мәселесiн қозғады. Александраны баспанаға мұқтаж емес деп кезекке қоймаған, ал алты баласы бар Қадырдың үйi жақында өрт қауiпсiздiгi шаралары сақталмағандық салдарынан түгi қалмай күйiп кеткен. Әкiм қабылдауына келудегi мақсаты — сол жерге жаңа баспана тұрғызуға құрылыс материалдарымен көмектесуiн сұрау. Шаһар басшысы оның назына құлақ асып, жергiлiктi кәсiпкерлермен ақылдасып, қолдан келгенше көмек берiлетiнiн айтты. Қабылдауға жазылған тұрғындардың барлығының өтiнiш-тiлектерi назарға алынады делiндi қорытынды сөзiнде.

«Көкше-ақпарат».