Тазалық пен көркемдiк үшiн

Тазалық пен көркемдiк үшiн

Өткен сенбi күнi қаланың мемлекеттiк мекемелерiнiң қызметкерлерi мен жоғары, орта оқу орындарының студенттерi сенбiлiкке шықты. Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев пен Көкшетау қаласының әкiмi Бауыржан Ғайса «Домбыра» ескерткiшiнiң жанына көшеттер отырғызды.

Бұқпа тауының үстi, сай-саласы мен етегiнде қар астында қалған қоқысты жинау жылма-жыл жүзеге асырылып келедi. Өте орынды. Өйткенi, қала тұрғындары болсын, әр жақтан келетiн қонақтар болсын қала iргесiндегi жонын күнге қыздырып, көл көркiн келбеттендiре түсiп жатқан осы тауға қызықтай қарайды, басына шығып самал желге кеуде тосады, айналаға көз тiгедi. Мiне, осынау берекелi таудың таза болғаны дұрыс. Бұл жолғы сенбiлiкке қаламыздың мемлекеттiк қызметкерлерi мен студенттерi шығып, бiр кiсiдей жұмылып, қоқыс-қалдықтарды жинап, қаптарға салып, көлiктерге тиеп, қала сыртына жөнелттi.

Ал, Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев пен Көкшетау қаласының әкiмi Бауыржан Ғайса қала бағының М.Әуезов көшесi бетiндегi шетiн ала, «Домбыра» ескерткiшiнiң жанынан ҚР Тәуелсiздiгiнiң 30 жылдығы құрметiне отыз түп қарағай ектi. Көктем шыға басталған бұл бастаманың оның әрi жалғасары, облыс орталығының әрбiр қолайлы пұшпағына ағаш отырғызыла берерi сөзсiз. Жұмыс үстiнде Ермек Боранбайұлы қала басшысы Бауыржан Сейiтқалиұлынан қала көшелерiне ағаштар, гүлдер отырғызу, тазалықты сақтау жөнiндегi жоспарларын сұрастырып бiлiп, тапсырмалар бердi.