Ақылдасып, ортақ пiкiрге тоқтап

Ақылдасып, ортақ пiкiрге тоқтап

Көкшетау қаласының әкiмi Бауыржан Ғайса «Көктем» шағын ауданының №14, 15, 16, 17 үйлерi тұрғындарымен кездесiп, олардың шағымдарын тыңдап, мәселенi олармен бiрлесiп, ақылдаса келе шешетiндiгiн айтты.

Аталмыш үйлер тұрғындарының әкiм алдына көлденең қойған мәселелерi — сол үйлерге апарар көлiк жолдарының, көлiк қоятын орындардың болмауы, балаларға арналған ойын алаңдарының жоқтығы, тiптi iргедегi нысандарға өтетiн жаяу жүргiншi жолдарының жоспарланбауы. Әрине, мұндай қолайсыздық тұрғындарға күнбе-күн жолығып, қажытқан. Тiптi, тиiп тұрған «Болашақ» сарайына мүгедек балаларды қол арбаға отырғызып апаратын жағдай жоқ. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекшi, бiреу ауырып, «жедел жәрдем» шақырғанда, өрт шыға қалса, өрт сөндiру көлiгi өте алмайтындай. Мiне, тұрғындар осындай тығырыққа тiрелген.

Б.Ғайса кездесудi жаңа ғана сол үйлерге барып, мәселенiң анық-қанығымен танысып қайтқанын айтып бастады. Бiр қиыны сол маңайдағы бiрнеше нысан жеке пайдалануға берiлген. Қоршап аламын, өтер жолды жауып тастаймын десе құқылы. Сондықтан, олардың иелерiмен, тұрғындармен сөйлесiп, ақылдасып, сәулет құрылыс бөлiмi, тағы басқа мамандармен бiрлесе отырып не iстеп, не қоюымыз шешiлуi керек. Тұрғындар әкiмнiң бұл пiкiрiмен толық келiсiп, өз пiкiрлерiн ортаға салды.

– Сiздер орталарыңыздан белсендiлер тобын құрыңыздар. Араларыңызда сiздердiң шағымдарыңызбен таныс депутаттарыңыз да бар. Әзiрге, күн жауса езiлiп жататын үйлер арасындағы жолға қиыршық тас төселедi. Уақытша. Сосын, жоспар әбден бекiтiлген соң, сметалық құжаттар дайындалып, қаражат бөлiнiп, жұмыс басталады.

Кездесуде тұрғындар, сондай-ақ, қоқыс тасталатын жердiң қоршалмауы, аулаларға бейнебақылаудың орнатылмауынан орын алып жатқан олқылықтарды алға тартты. Әкiм барлық мәселелердiң туындау себептерiне тоқталып, оларды шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

«Көкше-ақпарат».