Көркем мiнез иесi

Көркем мiнез иесi

Осыдан тура бес жыл бұрын көкшетаулықтарға есiмi жақсы таныс Ашот атаның үйiне барған едiм. Ол кезде қарияның жасы сексенге толып, балалары мен немерелерiнiң ортасында жүзi нұрланып, мерейтойын көңiлдi қарсы алып отырған. Биыл Ашот Хамзаұлы сексеннiң бесеуiне аяқ басты. Атамыз сол мен көрген кездегiдей тың, ширақ, сөзi нық. Жұбайы Рауза апамыз екеуi сабырлы да салмақты қалыппен қарсы алып, төрге оздырды. Уақытымнан кешiгiп қалғаныма кешiрiм сұрап жатырмын. «Өзiңдi келедi деп далаға шықпай күтiп отырмыз» деп кейiстiк танытып та қойды. Бiрақ ашуын сабырға жеңдiре бiлетiн жан бiрден жайланып сала бердi. «Иә, не сұрайсың, айта бер» дедi де, төрде тұрған Көкшенiң аяулы перзентi Еркiн Нұржанұлы Әуелбековтiң суретiне қарап отырғанымды көрiп, «Еркiн менiң ағам» дедi мақтанышты үнмен. Әрине, елiне елеулi, халқына қалаулы жанды аға тұту, ардақ тұту ол кiсiнi бағалай бiлетiн кез келген адам үшiн үлкен мәртебе, мерей. Атамен әңгiмемiз жарасып, әсiресе, дұрыс жүрiп-тұру, дұрыс тамақтану, жақсыларға жақын болу, арамдықтан бойды аулақ ұстау сияқты қасиеттер жайлы көп айтты. Адамды көркем ететiн, ортасына жайлы қылатын да мiнезi ғой. Ашот атаның жүзiне қарап отырып, артына қайырылып қараған кезде өкiнбейтiн өмiр кешкенiне тәубе десетiн жанды көрдiм. Сүйсiндiм. Қуандым. Осындай жанның барлығына сүйсiндiм. Осындай жанмен танысқаныма қуандым.

Аға ұрпақ өкiлдерiнiң өмiрi соқтықпалы, соқпақты. Себебi, олар зұлматты жылдарды басынан өткердi. Сәкендей тар жол, тайғақ кешулердiң тезiнен өттi. Ашот Мурзиннiң әкесiнiң ағасы Мұхтар Мурзин де қуғын-сүргiн құрбаны болған жан. Қолында бар сарғайған суреттi алға тартты. Шашын артқа қайырып, қасқайып отырған жiгiттiң төресi дейтiндей жан. Алғыр екенi көрiнiп-ақ тұр. Ақыл-парасаты да бiр бойына жинақталған тұлға. Ашот атаның ол кiсi жайлы деректердi көзiнiң қарашығындай сақтап, көңiлi түскен адамына көрсетiп, тектiлiктiң түп тамыры қайда тартып жатқанынан хабардар еткiсi келгендей күй кешетiнi де сондықтан. Алаш ардақтысы Мұхтар Мурзин жайлы жазушы Тұрсын Жұртбай «Ұраным — Алаш» кiтабында мынадай архив деректерiн келтiредi: «Жер жөнiндегi комиссариатта жерге орналастыру мәселесiн зерттеумен айналысатын Мұхтар Мурзиннiң мақала мен баяндаманың жобасын сызып, жоспар жасауға құқы бар болатын. Зады Жер жөнiндегi 1925 жылғы желтоқсандағы конференция қарсаңында дайындалған болса керек, тiнту кезiнде М.Мурзиннiң тартпасынан мақаланың жос-пары табылады. Мiне, соны тергеушiлер «астыртын ұйымның бағдарламасы» ретiнде iске тiгiп, «қастандықтың айғағы» есебiнде айыптау қорытындысының екiншi бөлiмiне кiргiзiптi». Мурзинге тағылған айыптар туралы айта келе, Мiржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрдiң мына бiр естелiгiн де тiлге тиек етедi. «Мұхтар ақ сары жүздi, қыр мұрынды, көзiне пенсне салатын, ұзын бойлы, келбеттi кiсi болатын. Мұхтар жоғары мәдениеттi, жан-жақты бiлiмдi, адамгершiлiгi өзге жұрттан бөлек биiк тұратын, мiнезi тiк, турашыл-тын. Мұхтар айтқан сөзiнен таймайтын, ұстанған пiкiрiнен қайтпайтын. Қайсар. Бiреудi күндеп, не зәбiр көрсетуден бойын аулақ ұстайтын. Барынша адал, шыныдай кiршiксiз таза, жолдастарына айнымас дос, әдiлеттiк туын жоғары ұстаған принциптi кiсi болатын. Ол өзiне биiк талап қойып, мiндеттi түрде бiлiмiн толықтыруға күш салатын, көп оқитын, екi тiлдi бiрдей меңгерген, аудармамен де айналысатын өнерi барын бiлемiз. Мұхтардың бiр бойына дарыған осынша жақсы қасиеттердi бағалап, әкем қатты сыйлап өткенiн айтып отыратын. Менiң шешем Мурзиндермен 1923 жылдан бастап Орынборда, одан 1929 жылға дейiн Қызылордада, қашан астана Алматыға ауысқанша араласып тұрды. Сол заманнан берi Мурзиндердiң семьясы бiзге ыстық, туыстан жақын болып кеттi». Ашот атаның жүзiне қарап, жоғарыда Гүлнәр Дулатова сипаттаған Мұхтар Мурзиндi көргендей боласың. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың зерттеу еңбегi қолына тигенде атаның төбесi көкке бiр елi жетпей қалды. Себебi, әкесiнiң бауыры туралы тың деректер табылып, естелiктер толыға түскенiне шаттанды. Мұхтар Мурзин Қазақ өлкелiк Халық Ағарту институтының директоры болғанда оның қарамағында Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытов, Елдес Омаров, Телжан Шонанов жұмыс iстеген деген дерек бар. Яғни, Алаш ардақтыларымен байланыста болды деп айыпталуының да сыры осында жатса керек. Мұхтар Мурзин ату жазасына кесiлгеннен кейiн Ашот атаның әкесi Хамзаға «халық жауының бауыры» деген айыптың салқыны тидi. Отбасымен қуғын-сүргiннен бой тасалап, Қазақстанның әр өңiрiн мекен етiп, бала-шағасын аман алып қалу жолында жанталасты. Кейiн Көкшетауға қоныс теуiп, тұрақтап қалды. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлердiң даңқты жолымен жүрiп өтiп, елге аман-есен оралып, отбасымен қауышқан.

Ашот Мурзин Семей өңiрiнiң тумасы. Сәуiрдiң 22 жұлдызында 1936 жылы Қатон-Қарағай ауданына қарасты Қатон ауылында дүниеге келген. Өмiрiн Көкшенiң көркем табиғатымен, еңбекқор жандарымен байланыстырғанына да талай жылдың жүзi болды. Жоғарыда келтiрiлген деректерде Мұхтар Мурзин қазақтың жерiнiң пайдасын тек қазақ көруi тиiс дегендi ұстанғанын жаздық. Ашот атаның ұстанымы да сол. Мамандығы — агроном. Яғни, жермен тел өскен жан. Саналы ғұмырын жер баптауға, құнарын арттыруға, жақсы өнiм алуға жұмсаған. Күнi бүгiнге дейiн оның қасиетiн ерекшелеп айтып, қадiрiне жету керек деп отырады. Жердiң сатылуына жан-тәнiмен қарсы және елiмiзде көтерiлiп жатқан осындай дауға өз пiкiрiн қосып, көзқарасын бiлдiрiп келедi. Жер — халықтың қазынасы. Оның жалғыз иесi — халық. Сондықтан байлығын өзi тұтынып, игiлiгiн де өзi көруi тиiс деп санайды.

Ашот атаның агроном болуы өзiнiң өмiрiне көп пайдасын тигiздi. Олай дейтiн себебiмiз, денсаулыққа пайдалы шөптердiң түр-түрiн зерттеп, дертке шипаларын зерделей бiледi. Бұл жастайынан бойына сiңiрген қасиетi және сол жолдан таймай келе жатыр. Дұрыс тамақтанудың сырын жақсы бiледi. Терезесiнiң алды толған салауатты өмiр салтын ұстану жайлы жазатын газетке толы. Шетiнен суырып алып, түрлi дертке дауа, пайдалы кеңестердi алға тартады. Жұбайы Рауза екеуi бұл жолда бiр бағытты ұстанып келедi. Апамыз күнделiктi тағам рационын қажеттi дәрумендермен байытады. Бiрнеше көкөнiс пен жемiстi араластырып езiп, шырынын iшiп, жаңғақтан сүт дайындайды. Бауырсақтың ұнына кебек қосып, илейдi. Майлы, қуырылған тамақ жемейдi. Балықтың өзiн буға пiсiредi. Ал, еттi асқанда көбiгi шыққан суды төгiп тас-тап, қайнаған суға әрi қарай пiсiредi. Яғни, холестериннен арылтып барып, бiрақ жейдi. Еттiң сорпасына қамыр емес, қырыққабат салып жейдi. Сарымайды да қорытып тұтынады. Судың өзiне сутек пероксидiн тамшылап қосып, iшедi. Iшегiн үйде түймедақтың суымен тазартуды әдетке айналдырғанына да ширек ғасырға жуықтапты.

Ашот ата аяқ-қолын күнделiктi уқалап, денесiн сергек ұстайды. Оған қажеттi түрлi уқалағыш заттары бар. Таза ауада серуендейдi. Бұқпа тауына шыққанды ұнатады. Адамның пейiлi кең, ары таза болса, оның бойындағы арам қандары өзi-ақ сұйылып, жо-йылады. Бұл сөздiң де астарында шындық бар. Қызметiнде абыройлы, қанша марапатқа ие болса да оны көлденең тартып, мақтанбайды. Бар арманы балаларының, немере-шөберелерiнiң амандығы. Әр демалыста олардың басы қосылып, арқа-жарқа болып, бiр жасап, бiр жасарып қалады. Жалғыз ұлына ақылын айтып, қызғалдақтай қыздарын еркелетедi. Мерейтойын саналы ұрпағының жанында, бәйек болар бәйбiшесiнiң қасында, өткенге салауат айтып, бүгiнгi бергенiне шүкiршiлiк десiп қарсы алып отырған Ашот атаға мәндi де мағыналы ғұмыры жолында әлi де қажымай-талмай, ортамызда аман-есен жүре беруiне тiлектестiк бiлдiремiз.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.