Әнге айналған әдемi ғұмыр!
Нүрикамал, Нүрикамал!..
Соққандай боп таңнан самал,
Жаққандай боп шамнан жанар.
Жаңа туған айдай болып,
Жүрушi едi Нүрикамал!
Төгетiн-дi маңына арай,
Көркi қандай, жаны да бай.
Көп iшiнен топ жаратын,
Сендей өжет табыла ма-ай?!
Тот баспайтын лағыл едiң,
Лаулап оттай жанып едiң.
Қазағыңның аспанында,
Әнге айналып қалып едiң!
Сенi жоқ деп кiм айта алар,
Ән атыңды мың қайталар.
Аңыз қызы қазағымның,
Қош, ендi, қош, Нүрикамал!!!
Серiк ЖЕТПIСҚАЛИЕВ.
«Жақсының — аты, ғалымның — хаты өлмейдi». Сол өлмейтiн жақсының бiрi — Нүрикамал тәтемiз болатын…
Бiрде Астанадан телефон шалды. «Жалғыз iнiм-ау, амансыңдар ма? Хабарсыз кеттiңдер ғой, «Нүрикамал апам аман ба?» деп звондауды да бiлмейсiңдер» деп тықсырып алды.
– Қайдағы Апа? — деп мен де қисая салдым.
– Немене, менi ендi Апа деуден де қалдыңдар ма? — деп бас салсын.
– Мен Сiзден Апа көрiп тұрғам жоқ. Мен үшiн Сiз «Нүрикамал тәтесiз!» дедiм.
– Ойбуй, сендер менi осылай құртасыңдар ғой. Жетпiске келген менi осылай желкiлдете берiңдер. Менi ендi жасартамыз деп жүрсiңдер ме? — деп күлсiн-ай келiп!
– Нүрикамал тәте, мен Сiзге өкпелеп жүрмiн, — дедiм дауысымды өзгертiп.
– Тағы не жазып қалдық, айт өкпеңдi, естиiк.
– Менi «Жалғыз iнiм-ау» деп жүргенiңiз өтiрiк екен ғой. Өткенде тойда көрдiм, Нұрлыбектi де осы «жалғыз iнiм» деп желпiнтiп жатыр едiңiз ғой, — дедiм өкпелеген болып.
Бұл жолы тiптi рахаттанып күлiп алды да, айтқаны: — Иә, солайы, солай. Сен немене, соны да бiлмейсiң бе?! Сендердiң әрқайсыларың мен үшiн жалғызсыңдар! «Әр қазақ менiң жалғызым» деп жүрген жоқсыңдар ма?! Оның қасында саусақпен санарлық сендердi «Жалғызым» демегенде, кiм деймiн, — демесi бар ма?
Тағы да күлкiге кезек бердiк. Күлкiмен бас-талып, күлкiмен аяқталатын осындай ойлы да, ойнақы, есте қалатын естi сөздi бiздiң Нүрикамал тәтемiзден басқа кiм айта алар дейсiң ендi?!
Мiне, қашан, қай жерде жүрсе де, жан-жағына нұрын шашып, шуағын төгетiн, кiшiнi — еркелетiп, үлкендi — көтермелеп, қатарын — көбейтiп жүретiн Нүрикамал тәтемiздiң жаратылысы бөлек, жан-дүниесi ерекше, кең жатқан кемел жанның өзi десек, ешкiм артық айтты дей алмас! Өмiр бойы өнердiң ортасында жүргендiктен де, оның өзi де өнерге айналып кеткен бе деп ойлаушы едiк. Бейне бiр өнер үшiн ғана жаратылған жандай жарқырап, жанып жүретiн ол қай ортаның болсын гүлiне айналған жаратылыс болатын.
Ойлап қарасаңыз, өнер адамдарын басқару, оларды жұмылдыра бiлу екiнiң бiрiнiң уысына түсе бермейтiн, түйiнi түйткiл шаруа. Өнерпаз болу, талантты болу бiр басқа. Ал, әрқайсысы бiр әлем, бiр-бiрiне мойынұсына бермейтiн өнер жұлдыздарын бiр шоғырға айналдырып, оларды «сүттей ұйытып» ұстап отыру Нүрикамал сияқты сайыпқыран арулардың ғана қолынан келмек! Көкшеде көп жылдар бойы Мәдениет басқармасын басқарғанда да Торғайдағыдай бәрiн уысында ұстады. Бәз бiреулердей ешкiмнiң жетегiнде кетiп, жолынан жаңылған да емес. Дүниеге қызығып, соңынан сөз ерткен кезi де болған жоқ.
Кеуделерiне қонған өнердiң өрттей дертi мен күш-қуаты алып бара жатқан не бiр жер тарпыған таланттар Нүрикамалдың алдында тырп ете алмайтын, «тәк тұра» қалатын.
Өйткенi, олардың алдында — бастықтығын ғана бұлдаған бiреу емес, қазақ деген халқына қаймықпай қызмет жасай алатын, орысыңды орысша, басқаңды басқаша түсiне алатын, бiрақ бәрiнен де өзiнiң туған халқын жоғары қоятын, ел-жұртының мұң-мүддесiн санасымен сезiне алатын сергек те, сезiмтал қазақтың қайсар қызы тұрғанын көргенде талайлары алдына түсiп жүре беретiн. Осындай асқақ ойлы арудың бойында қатар өрбiген қазаққа тән қарапайымдылық пен хас сұлуға тән кiрпияздық оны басқалардан даралап, аспандатып тұратын…
Қай жерде қызмет атқарса да — Торғай, Шымкент, Ақмола, Көкшетауда болсын оның осы қалпы, осы жаратылысы көзге түсiп, көш бастап жүре беретiн. Тыңның орталығы болған Солтүстiк өңiрде туып-өсiп, басқа ұлттың тiлiндегi мектептi бiтiрсе де, ата тәрбиесi мен ана қасиетiн бойына дарытқан қазақ қызы қайда жүрсе де тастай батып, судай сiңiп қана қойған жоқ, ойып тұрып орнын алып жүрдi. Өскен ортасы — орыстың өткiрлiгi, шығыстың сұңғылалығы мен Сарыарқаның дархандығын жанына қатар дарытқан Нүрикамалдың миллиондаған халқы бар, Қазақстанның ең үлкен облысы Шымкентке барып қызмет iстеуiне де тура келдi. Ол жерде абыройы асып, дәуренi тасып тұрса да Торғай облысы қайта ашылып, қайта түлегенде туған елiне құстай ұшып оралды. Сол кезде Елге қайта келгендердiң басым бөлiгiнiң лауазымдары өсiп, абыройлары артып жатты. Бiрақ, бiрде-бiреуi Нүрикамалдай «олжалы» болып оралған жоқ.
Қаймағы бұзылмаған қазақы орта — Оңтүстiк ордасы Торғайдың тотыдайын таранған ару қызын аспандатып жырға қосты, әуелетiп әнге айналдырды. Қазақ даласында қайталанбайтын «Нүрикамалдай» ғажайып ән қанат қақты… Осылайша, Нүрикамал тәтемiз талай сұлулар мен ақ маңдай аруларға бұйыра бермейтiн «олжаға» оранып, Торғай қызының сыр мен сымбатына тамсанған «Нүрикамал» әнiн Қазақ даласында қалықтатып оралған едi…
Естайдың «Хорланы» мен Ақан серiнiң «Балқадишасы» тәрiздi халқымен бiрге жасап, ғасырдан-ғасырға кететiн ғашықтық әуенiнiң мәңгiлiк ғұмыры басталды… Сонымен бiрге, бiздiң Нүрикамал тәтемiздiң ғажайып әнге айналған әдемi ғұмыры — мәндi де, сәндi ғұмыры басталды!
Хош, хош бол, Қазақтың ақ маңдай аруы Нүрикамал!!!
Жалғасбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР Ақпарат саласының үздiгi.