ҚР қолданыстағы заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласындағы функциялар аудандық, қалалық деңгейден облыстық деңгейге берілді.

ҚР қолданыстағы заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласындағы функциялар аудандық, қалалық деңгейден облыстық деңгейге берілді.

Бұл туралы Ақмола облысы бiлiм басқармасының басшысы Бейбiт Жүсiпов мәлiмдедi.

Сондай-ақ, бiлiм беру ұйымдарында бiлiм беру саласын қаржыландырудың ашықтығын, айқындығын және тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында бұлтты бухгалтерияны енгiзу басталды.

«Бухгалтерияны, есепке алуды, кадр жұмысын және шығыстарды жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерiн төмендетуге және шығыстардың тиiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк бередi. Ендi министрлiктен, басқа да мемлекеттiк органдардан бастап, ең бастысы, елiмiздiң азаматтары ақпаратқа қол жеткiзе алады», — дейдi спикер.

Жалпы, жылдан жылға бiлiм беру саласына шығындар артып келедi және олардың қаншалықты тиiмдi пайдаланылатынын бiлу керек.

БҒМ бастамасымен жан басына қаржыландыру және бухгалтерияны, есепке алу мен кадрларды цифрландыру тетiктерiн енгiзудi Ақмола облысының әкiмдiгi де қолдады.

Былтыр осындай пилоттық жоба Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысының бiлiм беру мекемелерiнде сәттi сынақтан өтiп, оны бiлiм басқармаларының басшылары мен мектеп директорлары оң бағалаған едi.

Сондай-ақ, пилоттық жобаның нәтижесiнде тек елорданың өзiнде бiрнеше миллиард теңге үнемделiп, бiлiм беру ұйымдарының қаржылық қызметiнiң жұмысы жақсарған болатын.

Бұдан бөлек, бухгалтерлiк есеп пен салық есебiндегi заң бұзушылықтар саны едәуiр азайып, бақыланбайтын шығындар қаупi барынша азайтылды.

Бейбiт Айтымұлының айтуынша, жоба еңбекақыны дұрыс төлемеу, қаржылық бұзушылықтар, жоспарлау, қаржыландыру кезiндегi субъективтiлiк сияқты көптеген мәселелердi шешуге көмектеседi және бiлiм беру ұйымдарының қаржылық жағдайына жедел бақылауды қамтамасыз етедi.

Сонымен қатар, бухгалтерлiк есептiң өзiнен басқа бюджеттi жоспарлау, мемлекеттiк сатып алу, тарифтеу және есепке алу процестерi де автоматтандырылатын болады.

Айта кететiн бiр жай, аудандық және қалалық функцияларын облыстық деңгейге өткiзу кезiнде кадрларды қысқарту болмайды.