Көкшетауда Копа көлінің жағалауы жаңартылды

Көкшетауда Копа көлінің жағалауы жаңартылды

Балаларды қорғау күні Копа көлінің жаңартылған «Жаңа жағалау-2» жағалауында алғашқы іс-шаралар Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен өтті. Қоғамдық кеңістікті абаттандыруға бағытталған ауқымды жоба Көкшетау қаласында Қан орталығынан Ескі әуежай шағын ауданына дейінгі шамамен 2 км аумақта жүзеге асырылды.

Жұмыстар сәуір айында басталып, бүгін мердігер ұйым – «УК Строй» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтады. Аумағы демалысқа, спортпен айналысуға және отбасылық серуенге қолайлы заманауи келбетке ие болды.

Жоба аясында аумақты абаттандыру, брусчатка мен тартан жабындарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сыртқы жарықтандыру, электрмен жабдықтау және бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстары аяқталды. Спорт алаңдарында қоршаулар орнатылып, жасанды көгал төселді. Сондай-ақ габион қоршауларын салу аяқталып, модульдік санитарлық тораптар инженерлік желілерге қосылды.

Спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Аумақта жағажай аймағы, спорт кешені, волейбол және баскетбол алаңдары, шахматқа арналған беседкалар және заманауи фитнес-тренажерлер орналастырылды.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – инклюзивті орта қалыптастыру болды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар, арбадағы балалармен жүрген ата-аналар, қарт адамдар және қозғалысы шектеулі жандар үшін барлық нысандарға қолжетімді әрі ыңғайлы жүріп-тұру жолдары қарастырылған.

«Көкшетауға өзіндік болмыс пен танымалдық беретін орындар қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Аудан орталықтары да назардан тыс қалмайды, уақыт өте келе олардың әрқайсысында мәдени-демалыс орталықтары салынады», – деді Марат Ахметжанов.

Мердігер ұйымның мәліметінше, жаңа жағалауды жетілдіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасады. Қазірдің өзінде жаңартылған жағалау облыс орталығындағы маңызды қоғамдық кеңістіктердің біріне айналды.