Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев жұмыс сапары аясында бұршақ, майлы және дәнді дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «GARANTI EXPORT» ЖШС кәсіпорнына барып, жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Сапар барысында әкім өндірістік алаңды аралап, технологиялық үдеріс пен жобаны жүзеге асырудың ағымдағы кезеңдерімен танысты. Кәсіпорынның өндірісті ұйымдастыруда жүйелі тәсілді ұстанатыны және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталғаны атап өтілді.
Инвестициялық жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасы мемлекеттік бағдарламасы аясында, мемлекеттік меншіктен жер учаскесін беру арқылы жүзеге асырылуда. Бұл өндірісті орналастыру мен дамытуға қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.
Жоба жылына 30 мың тоннаға дейін өнім өндіретін кешен құруды көздейді, сақтау сыйымдылығы 5 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорын өнімі ішкі нарыққа да, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерге экспорттауға бағытталған.
Әкім жобаның іске асырылу барысын оң бағалап, оның қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдің экспорттық әлеуетін нығайтудағы маңызын атап өтті.