Жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев өңірдегі ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі — «КАИК» ЖШС-не барды.
Кәсіпорын директоры Балыбин Олег Геннадьевич соңғы жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылған жаңғырту нәтижелерін, сондай-ақ қолданыстағы өндірістік желілерді таныстырды. Кәсіпорын ішкі нарықта сұранысқа ие ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларды тұрақты түрде шығарып, тұрғындарды жұмыспен қамтып, лайықты еңбекақы деңгейін қамтамасыз етіп отыр.
Қала әкімі өндірістік қуаттарды одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, соның ішінде Kokshe Industry индустриялық аймағы аумағында дамыту перспективаларына тоқталды. Сондай-ақ мұндай кәсіпорындардың қаланың өнеркәсіптік әлеуетін қалыптастырып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.