Көкшетауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкесі өтті

Көкшетауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкесі өтті

Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықты сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге Ақмола облысының барлық аудан-қалалары қатысып, алаңда 61 павильон мен 122 сауда орны ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер жалпы көлемі 210 тоннадан асатын 30-дан астам түрлі өнім түрін ұсынды. Қала тұрғындары мен қонақтары ет және шұжық өнімдерін, жаңа ауланған балықты, сүт пен сүт өнімдерін, ұнды, картоп пен көкөністі, жұмыртқаны, өсімдік майын, кондитерлік өнімдерді және басқа да күнделікті тұтынуға қажетті тауарларды сатып ала алды. Барлық өнімдер нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылды, бұл отбасылық бюджетке едәуір үнем жасауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, жәрмеңкеде маусымдық сұраныстағы тауарлар – қайың отыны, көшет материалдары және басқа да өнімдер ұсынылды. Қала тұрғындары ұсынылған өнімдердің кең таңдауын, сапасының жоғары деңгейін және бағасының қолжетімділігін атап өтіп, шараның өзекті әрі сұранысқа ие екенін айтты.

Жәрмеңке аясында өткен «Береке Fest» акциясы қала тұрғындары мен қонақтарын ізгілік пен өзара қолдау рухында біріктірді. Қатысушылар фермерлік өнімдердің дәмін татып көру мүмкіндігіне ие болып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Сондай-ақ көрермендерге шығармашылық ұжымдар мен халық әртістерінің қатысуымен өткен мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.

Абылай хан алаңындағы жәрмеңке тек сапалы әрі қолжетімді азық-түлікті сатып алу орны ғана емес, сонымен қатар өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланыс алаңына айналды. Бұл шара мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсете отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен отандық өндірушілерді қолдаудың маңызды құралы екенін дәлелдеді. Осындай іс-шаралар ішкі нарықты дамытуға және өңірдің азық-түлік тұрақтылығын нығайтуға зор үлес қосады.