Ақмола облысының орталығында «Көк шалғын» атты бірыңғай қоғамдық кеңістікті қалыптастыруға бағытталған қалалық жоба жүзеге асырылды. Оның ашылуы Халықаралық қарттар күніне орайластырылды. Жоба Мемлекет басшысының Көкшетауға сапары барысында таныстырылды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, концепцияны әзірлеу кезінде елорда мен шетелдердің озық тәжірибесі ескерілді. Мұндай жобалар қалалық орта сапасының жоғары стандартын қалыптастырып, тұрғындар үшін тартымды орталықтарға айналған.
«Жоба Мемлекет басшысының қоғамдық кеңістіктерді дамытуға арналған бірыңғай концепция әзірлеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жасалды. Біз заманауи технологиялар мен сәулеттік шешімдерді, қоғамдық қауіпсіздік элементтерін енгізуге ұмтылдық. Көріктендіруге ерекше көңіл бөлінді – тек көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Жарықтандыру да ойластырылған: көзді шаршатпайтын, жайлы жылы жарық қолданылды. Қаланы абаттандыру жұмыстары жалғасын табады. Келесі жылға ауқымды жобалар жоспарланған: Копа көлінің жағалауын абаттандыру жалғасады, «Сарыарқа» шағынауданы кешенді түрде көріктендіріліп, халықаралық деңгейдегі жаңа стадионның құрылысы басталады», – деді Марат Ахметжанов.
«Көк шалғынның» ашылуына орай қала тұрғындары үшін түрлі шаралар ұйымдастырылды – спорттық сайыстар, өнер ұжымдарының концерттері, 100 жұп қатысқан жаппай вальс, театрландырылған қойылымдар және мың адамға шай құю бойынша рекорд орнатылған «Шай ішейік» фестивалі.
Ұзындығы үш шақырымға созылған жаңа парк «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінен басталып, Қопа көліне дейін жетіп, жағалауға жалғасады. Жобаның негізі – қаланың негізгі орындарын: Мәңгілік алау саябағын, Даңқ аллеясын, Тәуелсіздік алаңын және Сағдиев көшесін бірыңғай сәулеттік және дизайнерлік стильдегі туристік маршрутқа біріктіру.
Аллея жаяу серуендеуге және толыққанды демалысқа ыңғайлы етіп жасақталған: мұнда 96 тораңғы, 391 қарағай мен шырша, 124 жөке ағашы, сондай-ақ бұталар мен көпжылдық гүлдер отырғызылды. Ыңғайлы орындықтар, балалар ойын алаңдары және 4 сәндік субұрқақ орнатылды. Барлығы 7,5 гектар аумақта абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңістіктің инфрақұрылымы 246 шамды, 12 спорттық және балалар алаңын қамтиды.
«Көк шалғын» жобасы – жасыл, заманауи әрі жайлы, әр тұрғын мен қонақ үшін ашық жаңа Көкшетаудың символына айналды.