Көкшетау қаласының әкімі жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын жариялады

Көкшетау қаласының әкімі жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын жариялады

2025 жылғы 23 шілдеде Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Кумпекеев бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша сөз сөйледі.

Өз сөзінде қала әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша тұрақты өсім байқалып отырғанын атап өтті. Құрылыс, абаттандыру және инвестиция салаларында ауқымды жобалар белсенді жүзеге асырылуда.

Реновация бағдарламасына ерекше назар аударылуда: апатты үйлердің орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салынуда, алғашқы қоныс аудару қоры құрылды. Сонымен қатар, 2050 жылға дейінгі Көкшетау қаласының Бас жоспары әзірленуде. Жоба қала аумағын кеңейтуге, жаңа шағынаудандар мен көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл әрқайсысы 1500 орындық екі заманауи мектеп пайдалануға берілді, бұл оқушы орындарының тапшылығын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, Сарыарқа шағынауданында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жалғасуда, бұл жоба да Президент тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатыр.

Әлеуметтік қолдау шаралары қала күн тәртібінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ақмола облысы әкімінің бастамасымен, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Көкшетау қаласының барлық зейнеткерлеріне қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілді. Сондай-ақ, санаторлық-курорттық емделуге мемлекеттік қолдау ұйымдастырылды – 117 960 теңгеге дейінгі төлемді 272 адам алды. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар кезінде берілетін жәрдемақы мөлшері екі есеге артты – 50-ден 100 АЕК-ке дейін.

Жыл соңына дейін 50 шақырым жол жөндеуден өткізіліп, 145 жаңа автобус павильоны орнатылады, мыңдаған ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Ерекше назар 2026 жылдан бастап іске қосылатын «Бәріне жайлы – Көкшетау» бағдарламасына аударылып отыр. Бағдарлама қаладағы барлық азаматтар үшін, жасына, әлеуметтік мәртебесіне немесе денсаулығына қарамастан, ыңғайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған. Аталған бастама облыс әкімінің қолдауымен қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, қала әкімі жергілікті билік пен БАҚ өкілдері арасындағы сындарлы және жедел әрекеттестік алаңы ретінде медиа-коворкинг орталығын ашуды ұсынды.

Баспасөз мәслихаты соңында қала әкімі журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Көкшетаудың даму келешегі мен алдағы жоспарлар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.