Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев ғасыр жасаған ардақты ана, тыл еңбеккері Мәриям Сыздыққызын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Мәриям апа 1925 жылдың 3 шілдесінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Мықыр (Алғабас) ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласында шыңдалған. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек етіп, елге үлкен үлес қосқан. Осы қажырлы еңбегі үшін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталған.
1945 жылы майдангер Кәкім Макашевқа тұрмысқа шығып, бірге жеті бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұрпақтары ата-анасының өнегелі өмір жолын жалғастырып, елге адал қызмет етуде.
Мәриям Сыздыққызының ғасырлық ғұмыры — табандылықтың, еңбекқорлық пен Отанына және отбасына деген адалдықтың жарқын үлгісі.
Әкім мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасына амандық тіледі.