
Ақмола облысында Көкшетау қаласына қарасты Красный Яр ауылында көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай, әлем чемпионы Айбек Оралбай, екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, спорт шебері Карина Ибрагимова, сондай-ақ еңбек сіңірген спорт шеберлері, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөзінде мұндай нысандардың салынуы – ұлт денсаулығына, балалардың болашағына және жаңа спорттық жетістіктерге салынған инвестиция екенін атап өтті.
Әлеуметтік нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. Айта кетейік, бұл – биыл аяқталған төртінші ұзаққа созылған құрылыс.
Кешеннің жалпы аумағы 2,2 мың шаршы метрді құрайды. Нысан құрамына әмбебап спорт залы, екі бассейн, екі мамандандырылған жекпе-жек залы, іргелес аумақта футбол алаңы, волейбол алаңдары, балаларға арналған секциялар мен оқу бөлмелері кіреді.
Кешенде қазірдің өзінде жекпе-жек, бокс, қазақ күресі, волейболды қоса алғандағы ойын түрлері, сондай-ақ жүзу секциялары жұмыс істейді. Аумағында командалық ойындарға арналған екі алаң, воркаут аймағы және айналма жүгіру жолы салынған.