Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесті

Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесті

Халықпен тұрақты кездесулер аясында Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов Бұзылық ауылдық округіне, Московский ауылы мен Жаныспай ауылдық округіне барды. Кездесулерге аудан прокуроры Нұржан Ержепов те қатысты.

Кездесулердің басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін ашық талқылау және аудан әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беру болды. Диалог барысында елді мекендердің тіршілігіне қатысты маңызды мәселелер көтерілді: ауызсу, көше жарығы, интернет желісіне қолжетімділік, мектептер, фельдшерлік пункттер мен мәдениет үйлері сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандардың жағдайы, сондай-ақ ауылішілік және ауыларалық жолдардың жай-күйі талқыланды.

Тұрғындар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі тиісті қызметтерге жедел әрекет ету және қажетті жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Аудан прокуроры Нұржан Ержепов халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың, әсіресе интернет алаяқтыққа қарсы күрес мәселесінде маңызды екенін атап өтті. Ол тұрғындарды сақ болуға, күмәнді жағдайлар туындаған кезде құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінуге шақырды. Сондай-ақ елді мекендерде қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жергілікті қоғамдастықтың рөлін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында аудан әкімі Серік Балжанов Есіл ауданында «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында сенбіліктер мен абаттандыру айлығы басталғанын еске салды. Ол тұрғындарды өз елді мекендерін көркейтуге, көгалдандыруға және санитарлық жағдайын жақсартуға белсене қатысуға шақырды.