Есіл аудандық мәслихатында Қоғамдық кеңестің отырысы өтті
Есіл ауданы мәслихатының мәжіліс залында мемлекеттік органдар мен ұйым басшыларының қатысуымен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Есіл аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Ярославна Саржевская қатысушыларды «Атамекен» палатасының қызметі туралы хабардар етіп, 2,5% жылдық мөлшерлемемен берілетін «Ауыл Аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасының шарттарын және биылғы жылы 400 АЕК (1 572 800 теңге) көлемінде мемлекеттік гранттар алу мүмкіндіктерін толық түсіндірді.
Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі және олардың мақсатты арналымы – жаңа бизнесті іске қосу және дамыту.
Грант алуға үміткерлер қатарында мыналар бола алады:
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлер (ИП тіркеу мерзімі – 3 жылға дейін).
Сонымен қатар, үміткерлер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:
мүгедектігі бар тұлғалар;
"қандас" мәртебесі бар тұлғалар;
аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
көпбалалы отбасылардың мүшелері (ерлі-зайыптылар);
мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар (ерлі-зайыптылар);
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар.
Сондай-ақ, жыл сайын өткізілетін "Бір ауыл – бір өнім" (БАБӨ) жобасы мен "Қазақстанның үздік тауары" (ҚҮТ) байқауы туралы ақпарат берілді.
БАБӨ жобасы «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетті дамыту құралы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырылады. Жобаға жергілікті және аймақтық ресурстарды пайдалана отырып өнім шығаратын шағын және орта бизнес субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар қатыса алады.
БАБӨ жобасының финалистері кәсіпкерлер палатасы арқылы өтінім беріп, 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен бірге кәсіпкерлер "Қазақстанның үздік тауары" (ҚҮТ) көрме-байқауына қатыса алады. Байқау үш номинация бойынша өткізіледі:
"Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар";
"Халық тұтынатын үздік тауарлар";
"Үздік азық-түлік тауарлары".
БАБӨ жобасы мен ҚҮТ байқауының арқасында бастаушы кәсіпкерлер өз идеяларын немесе хоббилерін нақты бизнеске айналдырып, жаңа білім алып, жобаларын жүзеге асыруда қолдау таба алады.
Отырыста сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, Есіл қаласы мен саяжай массивіне жазғы маусымда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша есептер қаралды.
Отырыстың қорытындысы бойынша алдағы жұмысқа қатысты ұсынымдар қабылданды.
#Ақмолаоблысыкәсіпкерлерпалатасы