Қазақстанда 2024 жылдан бастап бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады

Қазақстанда 2024 жылдан бастап бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады
Үкіметте кәсіпкерлік саласында «таза парақтан» реттеуді енгізу және бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті реттеудің 44 саласына талдау жасағаны айтылды. Нәтижесінде жаңа реттеу саясатының шарттарына сәйкес келмейтін 10 108 талап анықталды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлерге қойылатын негізсіз талаптарды жоюға арналған заңнамалық актілерге 386 түзетуден тұратын бірыңғай пул қалыптастырылған. Жақын арада оларды Парламенттегі Бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасына (9 пакет) қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік органдар заңға тәуелді актілерге сәйкес талаптардың күшін жоюды және қайта қарауды іске асыруда.
Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.