ҚР ЕХӘҚМ: 89 мыңға жуық қазақстандық SKILLS ENBEK платформасында оқыды

ҚР ЕХӘҚМ: 89 мыңға жуық қазақстандық SKILLS ENBEK платформасында оқыды
Жыл басынан бері 88,9 мың азамат, оның ішінде 22,7 мыңға жуығы жұмыссыз, SKILLS.ENBEK.KZ онлайн кәсіптік оқыту платформасында курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада жалпы 283,1 мың қазақстандық тіркелді, оның 101,9 мыңы 2023 жылы қосылған, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Оқудан өткен 22,7 мың жұмыссыз азаматтың 7,5 мыңы – негізінен Қызылорда, Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарының жастары.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 212 курс жариялады, оның 159-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Ең танымал курстар – «Выращивание клубники от А до Я», «Птицеводство. Выращивание бройлеров», «Откорм крупного рогатого скота», «Ірі қара малды бордақылау» және «Кассир».
Платформада ақпараттық технологиялар, экология және еңбекті қорғау, туризм, бизнес, энергетика, маркетинг және менеджмент, білім беру және тәрбие салаларында түрлі кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды дамыту үшін тегін курстар саны үнемі артып келеді.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.